Мемлекетке 165 млрд теңге зиян келген: Бас прокуратура кеден бекеттерін тексерді

Мемлекетке 165 млрд теңге зиян келген: Бас прокуратура кеден бекеттерін тексерді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратура кеден саласында тексерулер жүргізді. Мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталды.   

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі болғанын атап өтті.

«Кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы үшін уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған счет-фактураларды жасаған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды. Мысалы, «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталмыш компанияның директоры қамауға алынды», - деді Бас прокуратураның ресми өкілі.

Сондай-ақ кеден саласындағы жұмыскерлер өз қызметін лайықты орындамаған.

«Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр Жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов, «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг. деп көрсеткен. Алайда, прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде, декларацияланбаған тауардың салмағы 22 тонна екендігін анықтаған. Ол тауарлардың құны 127 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелерде мәліметті заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге шығын келтірген», - деді Бас прокуратура өкілі. 

Дархан Дүйсембай бұл іске Алматылық Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар екенін айтты. 

«Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде, ал «Cargo Management» операторының өкілі 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара берген. Алайда прокуратура қызметкері олардың заңсыз әрекетіне тоқауыл қойып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп арнайы шаралар жүргізу кезінде пара берушілердің әрекетін әшкерелеген. Жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін Үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, - деді ресми өкіл. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша оң динамиканы көрсетуде. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8...

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, салықтық және кедендік...