Қазіргі таңда медбике ең сұраныстағы мамандықтың бірі. Бұл кәсіптің міндеттелген жұмысы көп, арқылығын жүгі де ауыр. Дәрігердің көмекшісі болған медбикелер науқасқа келген сәтінен сауыққанша бәйек болады. Міне, осындай маманның бірі – Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығының емхана бөлімінің медбикесі Көпбосынова Асылзат Байырбекқызы.
Кейіпкеріміз қалалық онкологиялық орталықта 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғашқы еңбек жолын бастаған емхана бөлімінде бүгін де бар күш — жігерін арнап, табысты қызмет етуде.
Асылбек Байырбекқызының айтуынша, медбикелердің жұмысы үлкен жауапкершілік пен байсалдылықты талап етеді.
– Орталыққа емделуге келген науқастардың құжатын емханада рәсімдейміз. Жұмыс барысында ауруы асқынған науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, дәрігердің нұсқаулығымен екпе жасаймыз. Жақсы сөз жанға дауа болғандықтан, ем — домға кіріспес бұрын науқастың көңіл күйін көтеретін жылы сөздер айтамыз. Кейде дерті асқынған пациенттерге жылы сөзбен жұбата алмай, көмек қолын соза алмайтын кезіміз де болады. Адам денсаулығы бәрінен қымбат екенін қаншама рет күәсі болдым. Сондықтан айналамдағы адамдардың бәріне денсаулыққа мән беру керек екенін жиі айтып жүремін, — дейді Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығының емхана бөлімінің медбикесі Асылзат Көпбосынова.
Қазір қалалық онкологиялық орталығының емхана бөлімінде 25 медбике жұмыс істейді. Орталықта күн сайын дертіне шипа іздеген науқастар тоғысады. Барлығын бір ой ғана біріктіреді. Ертерек сауығып, отбасына оралу. Асылзат Байырбекқызы секілді білікті медбикелер дәрігермен қатар, өздеріне міндеттелген жұмысты абыроймен атқарып жүр, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілетеме жасаған no-comment.kz ақпараттық агенттігі.