Мұрат Әйтенов Ұлы Отан соғысының ардагерін мерекемен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай шаһардағы қарт майдангер Сәрсен Әбдінұровтың үйіне барып, мерекемен құттықтады.
— Сіздер жауға қарсы асқан ерлікпен шайқасып, батылдық пен отансүйгіштіктің тамаша үлгісін көрсеттіңіздер. Бүгінгі ашық аспанымыз бен бейбіт өміріміз үшін Сіздерге қарыздармыз. Сол үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз, - деді Мұрат Әйтенов.
Ұлы Отан соғысының ІІ-дәрежелі орденінің иегері, ардагер Әбдінұров Сәрсен Әбдінұрұлы 1922 жылы дүниеге келген. 1943 жылы ел қорғауға аттанған 21 жастағы Сәрсен Әбдінұрұлы Украинаның бірінші майданында 368-ші және 823-ші атқыштар полкінің құрамында соғысты.Бүгінде ардагер 2 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсіріп, 5 немере 1 шөберені сүйіп отыр.
Айта өтсек, Шымкент қаласында бүгінде Ұлы Отан соғысының 7 ардагері тұрып жатыр. Жылда ардагерлерге үлкен құрмет көрсетіліп, ақшалай да, сондай-ақ, шипажайларға жолдамалар және жылына екі рет басылымдарға тегін жазылады. Биыл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің әрқайсысына 360 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 110 680 теңгеден мерекелік төлем есепшоттарына аударылып, сондай-ақ, қалада 2165 соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға да 36 АЕК мөлшерінде– 110 260 теңгеден бір реттік төлемдер төленді. Бұл құттықтаулардан бөлек қаламыздың кәсіпкерлеріде құр қалмады. Арамызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері жылдан жылға азайып келеді. Қала тұрғындарын арамыздағы батыр ата апаларымызды құрметтеуге шақырамыз, деп хабарлайды no-comment.kz.