Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «ALAN» халықаралық мектебінің құрылыс барысын көрді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz. Заманауи стандарттарға сай келетін білім мекемесі осы жылдың қыркүйек айында іске қосылады.
Қаратау ауданында орналасқан мектеп 840 оқушыға лайықталған. «ALAN» халықаралық мектебінде 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім алады. Оқу ғимаратында 60 пән кабинетімен бірге ашық және жабық түрдегі спортзал, кітапхана және асхана қаралған. Оқушылардың ғылыми жұмыстарға бағыттау үшін ғылыми зертханалар жасақтау көзделіп отыр.
Білім мекемесі толық күндік мектеп болғанымен ерекшеленеді. Оқушылар сағат 8:00-17: 00-ге дейін қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған смарт мектебінде қосымша біліммен қамтылады.
Мектеп іске қосылғаннан кейін барлығы 168 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Кадрлар халықаралық білім беру бағдарламасы негізінде іріктеліп, үш тілді жетік меңгеруі міндеттеледі. Одан бөлек, шетелден білікті мамандарды шақыру көзделіп отыр. Білім беру әдісі STEAM, PBL, TRIZ, CLIL және өзге де әлемнің озық бағдарламасына негізделген.
Ал PBL – бұл оқу жоспарына сәйкес тьютор-тәрбиеші қадағалайтын, студентке, оқушыға бағытталған тәсіл, ол шәкірттерді теория мен практиканы біріктіре алатын зерттеу жүргізуге бейімдейтін және өмірдегі белгілі бір проблеманы шеше алатын білім беру мен соған орай дағды қалыптастыруды жүзеге асыруға тырысады. Мұндай көзқарастың табысты болуының межелік факторы – нашар құрылымдалған проблеманы және оны үйрететін тьютор-тәрбиешіні таңдап алып, оны жүзеге асырылу тәжірибесіне толық талдау ісін жүргізу болып саналады. «CLIL» – ағылшын тілінде Content and Language Integrated Learning немесе пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдістемесі, пәндерді екінші не үшінші /қазақ, орыс, не ағылшын/ тілде оқыту деп қарастыруға болады. Кейінгі зерттеулерде мынандай анықтама береді: «CLIL-оқушылардың шетел тілінде лингвистикалық және коммуникативтік дағдылардын қалыптастыруға мүмкіндік беретін дидактикалық әдіс». Негізі CLIL 2 мақсатты көздейді, яғни шет тілі арқылы пәнді оқу және оқытылатын пән арқылы шет тілін меңгеру. Қазақстанның үш тілдік саясаты мектеп оқушыларына тіл үйренумен бірге тіл үйрену мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. CLIL бағдарламасы екі жаһандық мақсаттарға ие: пәннің шет тілі арқылы мектепте оқу деңгейі, сондай-ақ оқытылатын пәндер арқылы шет тілін тереңдетіп оқыту. Мұндай көзқарас студенттерге химия, математика, география, биология, жаратылыстану ғылымы, классикалық әдебиет, информатика, экономика, өнертану, философия, біртұтас үрдісінде туған және білетін тілдерінде түсіндіріледі.
Сонымен қатар, оқушылар спорт пен шығармашылық үйірмелері және сыныптан тыс ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыса алады.
Айта кетсек, биыл қалада 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і жеке инвестор есебінен салынуда. Нәтижесінде үшауысымды мектеп саны 9-дан 5-ке азаяды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.