Түркістан: Жетісайда ауыл жастары жалғызбасты анаға үй сыйлады

Түркістан: Жетісайда ауыл жастары жалғызбасты анаға үй сыйлады
Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінде орналасқан Қоғалы елді мекенінің жастары мен ауыл жұртшылығы бірігіп, жалғызбасты анаға баспана сыйлады. Көңіл қуантарлық іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен ауылдық округтің әкімі Шынболат Қындыбайұлы қатысып, үйлі болған ауыл тұрғыны Қойсынай Төлебаеваны құттықтады.
– Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Ақсақалдарымыздың тәлім-тәрбиесін көріп өскен ауыл жастары мен ел бірлігінің арқасында Қойсынай анамыз баспаналы болды. Ауылдың ауызбіршілігі бір отбасыға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Игі бастаманың бастаушысы болған жастарға, жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға үлкен алғысымды білдерімін. Мұндай игілікті шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенімдімін, – деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы.
Ауыл жастары анаға үй алып беру үшін қасиетті Рамазан айында қаржы жинай бастаған. Керекті көлемдегі қаржыға үй сатып алынған. Баспананың есік, терезесін, шатырын ауыстыруға және үйді кеңейту мақсатында алдына тағы бір бөлме қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізуге қосымша қаржыны да қарастырып қойған. Сондай-ақ «Елге көмек» қайырымдылық қоры баспанаға қажетті жиһаздар алу үшін 300 мың теңгенің сертификатын табыстаса, ағайын-туыстары мен ауыл жұртшылығының атынан да қаржылай көмек берілді.
Айта кетейік, жалғызбасты ана 10 жылдан астам уақыттан бері үй жалдап тұрып келген.
Шара соңында ізгілік істің шапағатын көріп, 4 бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған тұрғын қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға өз алғысын білдірді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...