Шымкент қаласын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылығын қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін басым бағыттардың бірі.
Бүгінде қаладағы 81 шағынауданның 26-сы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қалған 55 шағынаудан алдағы жылдары кезең-кезеңімен қамтылады. Қазіргі таңда Шымкенттегі кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 1 220 шақырымды құрайды.
Өткен жылы 10 нысанның құрылысы басталды. Оның ішінде екі магистралды коллектор және сегіз ішкі кварталдық жүйе бар. Бұл нысандар «Тұран» шағынауданынан кәріз тазарту құрылғыларына дейінгі желіні, сондай-ақ «Мирас», «Қайтпас-1», «Нұртас», «Достық» және басқа да шағынаудандарды қамтиды.
Сол жылы төрт нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 120 мың адамға арналған ірі магистралды коллектор да бар. Нәтижесінде қалада кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі 65 пайыздан 70 пайызға дейін артты.
Биыл да сегіз нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында «Шымсити» коллекторы мен жеті ішкі кварталдық жүйе бар. Сонымен қатар, «Базарқақпа» тұрғын алабында кәріз желісінің құрылысы басталады.
2026 жылға дейін тозығы жеткен 23,5 шақырым кәріз құбыры жаңартылып, жүйенің сенімділігі мен тұрақтылығы артады. Бұл жұмыстар қала инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың игілігіне бағытталып отыр.