Мақтаарал аудандық спорт және дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің және "Мырзакент" балықшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен "Шардара" су қоймасының жағажайында еліміздің 5 облысынан келген балықшылар балық аулаудан жарысты. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының қалалары мен аудандарынан және Шымкент қаласынан келген 100-ге жуық балықшы 37 командаға бөлініп, 3 күн бойы сынға түсті.
– Қазіргі заманда күйзеліске жиі ұшырайтын адамдар көп. Шаршағаныңды басып, күйзелісіңді жеңуге көмектесетін, өмір сүруге деген құлшынысыңды арттыратын демалыстың әрі спорттың ерекше түрі – балық аулау. Таза ауада, тұнық судың бойында жүйкең демалып, иммунитетің артатынын дәрігерлер де мойындайды. Сондықтан, Мақтаарал ауданы әкімдігінің атынан балықшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы үлкен іс-шараны өткізуді қолға алдық – деді аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев.
Ұйымдастырушылар «Шардара» су қоймасы балық аулауға ең қолайлы су айдындарының бірі екенін атап өтті. Өйткені аталған су қоймасы – Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандарының арасында орналасқан әрі еліміздегі ең үлкен 3-ші су қойма саналады. Сондай-ақ жылы аймақта орналасқандықтан, балық шаруашылығына да өте қолайлы.
Жарыстың шарты бойынша әр команда 3 адамнан құралды. Бір командада 6 қармаққа дейін пайдалануға рұқсат берілді. Қайықпен балық алулауға тыйым салынды. Жарысқа спирттік ішімдік алып барған командалар бірден ойыннан шығарылды.
22-24 мамыр аралығында өткен жарыс нәтижесінде 4-орынды «Ринат» командасы, 3-орынды «Абиш» командасы, 2-орынды «Сабыр» командасы жеңіп алды. Ал 1-орынды «Абдул-Қасым» командасы иеленіп, республикалық балық аулау жарысының чемпионы атанды. Сонымен қатар қармақты ұзақ қашықтыққа лақтыру бойынша және «Алғашқы балық»,«Үлкен балық» номинациялары бойынша да арнайы орындар берілді.
Барлық жүлдегерлерге аудан әкімі Бақыт Асановтың атынан сый-сияпат ретінде аңшылық пен саяхат жасауға пайдаланылатын қажетті құрал-жабдықтар тапсырылды. Ауданның спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеев пен аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Сүндет Кенжебаев балық аулау жарысы әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.