ТҮРКІСТАНДА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРІ БАСТАЛДЫ
Түркістанда Маңғыстау облысының «Маңғыстаудан мың сәлем, Түркі төрі!» атты мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында өткен іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев «Түркістан облысына Маңғыстаудан тарту» кіші архитектуралық ескерткішін салтанатты түрде ашты.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Түркістанға Маңғыстау облысы әкімінің ыстық сәлемін жолдап, бұл сапар ежелгі адамзат өркениетінің озық жетістігі – Ұлы Жібек жолының сан тарамдары кесіп өткен қос өңірдің сауда-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани байланысының жаңа бір деңгейге шығатынын айтты.
– Мәдени күндерін өткізудегі басты мақсат – бағзы бабадан бүгінге жеткен осы рухани-мәдени құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау, өскелең өрендердің жадында жаңғырту арқылы ұлтжандылық, отаншылдық сана-сезімді ояту,– деді Ұ.Тналиев.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтар мен маңғыстаулықтарды мәдени күндердің ашылуымен құттықтады.
– Түркі жұртының рухани бойтұмарына айналған Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қазақ хандығының астанасы, күллі Түркі халықтары тәу етер қасиетті мекен соңғы төрт жылда дамудың жаңа белесіне көтерілді. Рухани шаһардағы оңды өзгерістер қаланы тек облыс орталығы ғана емес, Түркі жұртының рухани-мәдени орталығы ретінде дамытудың алғышарты болып отыр. Бүгін осы қасиетті өңірге қазақ даласына абыз-әулиелер сыйлаған, тарихы терең Маңғыстау өңірінен бір топ руханият өкілдері келіп отыр. Бұл – қос өңірдің бағзыдан қалыптасқан рухани үндестігін қайта жаңғыртып, барлық бағыттағы қатынастарды нығайтудың айқын көрінісі деп білемін. Маңғыстаулық өнерпаздар, түрлі сала өкілдері екі күн бойы өңір жұртшылығы үшін мәдени және маңызы зор қоғамдық шаралар ұйымдастырып, рухани кештер сыйламақ. Сонымен қатар Маңғыстау облысының күндері аясында спорттық командалардың кездесулері, ғылыми конференциялар өтіп, қос облысқа ортақ жобалардың жай-күйі талқыланады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Одан кейін «Тәрбия» сән үйінің мифтік киімдерінің көрсетілімі мен «Серікбол Қондыбай туындылары – бейнелеу өнерінде» суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ «С.Қондыбай және түркі мифологиясының зерттелуі» ғылыми-практикалық конференциясы да басталды. Конференцияда Түркістан облысы әкімінің орынбасары А.Сабитов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Ж.Темірбекова құттықтау сөз сөйлесе, Түркия мен Қазақстанның ғалымдары Серікбол Қондыбайдың шығармашылығы, зерттеулері туралы баяндамалар жасады. Оның мұрасы Түркі әлеміне ортақ екеніне тоқталды.
Маңғыстау облысының мәдени күндері екі күнге жалғасады. Алғашқы күні Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі және Маңғыстау облыстық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Сонымен қатар «Балалар жылына» арналған этно іс-шара мен «Маңғыстаудан мың сәлем, Түркі төрі!» атты Маңғыстау облысы өнер күндерінің гала-концерті ұйымдастырылады. Ал екінші күні Маңғыстау, Түркістан облысы туризм саласы мамандарының қатысуымен «дөңгелек үстел», кітап көрмесі, екі өңір ақсақалдарының рухани кездесуі, «Farab» кітапханасында «Әлиханның аманаты» қойылымы мен кешқұрым «Керуен сарай» кешенінде концерттер өтеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шымкент қаласы Көрме орталығында Наурыз мейрамына орайластырылып, ерекше балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Шымкент қаласының әкімдігі мен...

Шымкент қаласы әкімінің тұрғындармен кездесу барысында түскен сұрақтарын зерделеу мақсатында аудан әкімі Б.Парманов Асар-2 шағынауданының...

Шымкент қаласының аудан әкімі орынбасары Құдайберген Мақұлбекұлы аудандық «ҚАРАТАУ» КММ басшысы орынбасарларымен бірге аудан аумағындағы демалыс...

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Алпамыс атындағы №40 мектептің оқушылары нашақорлықтың алдын алу мақсаында жастарға және аудан тұрғындарына бейне...