Отбасы банкінде «2-10-20 Бақытты отбасы» арқылы тұрмысы төмен отбасыларға - жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Шымкент қаласында 2022 жыл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты шеңберінде 449 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге көлемінде лимит бөлініп отыр.
Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы отбасылар, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Қатысушыға қойылатын негізгі талаптар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) өтініш берген күнге өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы;
3) өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі айлық табысы, қаржы жылына белгіленген, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (әрбір отбасы мүшесіне 115 905 теңге) аспауы тиіс. Нақты айтқанда 2022 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 37 389 теңгені құрайды;
4) некені бұзу сәтінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
5) еңбек және кәсіпкерлік қызметтен отбасылық жиынтық табыстың болуы;
6) төлем қабілеттілігін растау;
7) тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұруы.
Кредит беру талаптарына сәйкес бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді сатып алу кезінде азаматтарға берілетін ең жоғарғы қарыз сомасы – 15 млн.теңгеден аспайды.
Аталған бағыт бойынша өтінімдерді қабылдау Отбасы банкі арқылы ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап қабылданады.
Өткен жылы 2021 жылы «Бақытты отбасы» бағыты арқылы бөлінген лимитке сәйкес 363 отбасы несиелік баспанамен қамтылды. Оның ішінде көпбалалы –173, толық емес –30, мүгедек бала асыраушы –160 отбасы бар, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.