Мұсылманның ұлық мейрамы -Құрбан айт мерекесін Шолаққорған ауыл округі, Абай елді мекені тұрғындары барша сән салтанатымен атап өтті.
Абай елді мекенінің тұрғындары мен тумалары ұйымдастырған Құрбан айт мейрамына аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы арнайы қатысып құттықтау сөз сөйледі.
«Құрбан айт мейрамының тәрбиелік мәні зор. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін халқымыз бауырмашылдықты ту еткен. Жоқ жітікке қол ұшын созып, мұқтажға көмектесу ежелден қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан да бұл мереке бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыруға үлкен үлес қосады»,- деді аудан басшысы.
Ауданның қадірлі ақсақалдары Бүркіт Арынбеков, Сексенбай Тұрысбеков игі тіліктерін айтып, бата берді.
Мереке аясында құрбан шалынып, тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Түркістан облысының бірнеше аудандарынан қонақтар келді. Ұлық мерекеде құран оқылып, ас берілді. Ұлттық ойынымыз ұлықталады. Спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті. Атап айтсақ; қазақ күресі мен еркін күрес шеберлері түйе палуан атағына таласты. Қазақ күресінен Тасты ауыл округінің тумасы Ғалым Таңатар чемпион болса, еркін күрестен шолаққорғандық Жазылбек Беркінбаев бас жүлдені иеленді. Жеңімпазға арнайы белбеу тағылды. Қол күрстен 4 салмақ дәрежесінде жарыс ұйымдастырылды. Абсолютті чемпион атағымен арнайы белбеуді Ордабасы ауданынан келген Нұрмахан Қорғанбаев алды. Гір тасын көтеру шеберлері 2 салмақта сайыс өткізіп, 24 келі гір тасын көтеруден Нұрсұлтан Сабыр жеңімпаз болса, 16 келі салмақта Орынбасар Баби чемпион атанды. Сонымен қатар, гір тасын көтеру шеберлері арасында абсолютті чемпиондық атағы сарапқа салынып, жеңімпаз Қобыланды Орынбасарға арнайы белбеу тағынды. Қошқар көтеруден өткен жарыс тартысты өтіп, тартысты өткен жарыста Ерболат Ахметов 161 мәрте көтеріп, 90 келі тартатын қошқарды еншіледі. Арқан тартыс, ләңгі тебуден сайыстар өтті. Жасөспірімдер арасында еркін күрестен 10 салмақ дәрежесі бойынша жарыс ұйымдастырылып, жүлдегерлерге қомақты сый- сияпат табысталды.