Шымкентте жас мамандарды жұмысқа орналастыру және зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға лайықты ізбасар дайындауды мақсат тұтқан «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысып, жұмысқа жолданып жатқандардың дені жастар. Солардың біреуі - Нилюфар Убайдуллаева. Ол өткен жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін «Тігінші» мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы жылдың маусым айының басында ол «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінім беріп, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер «Қасиет Collection» тігін цехына жолданған. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиевамен (суретте) орын ауыстыратын болады.
- Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол, - дейді Нилюфар Убайдуллаева.
Биыл Шымкентте «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 24 адамды жолдау жоспарланған.
Аталған жобаға қатысушының айлық жалақысы - 91890 тг. Мерзімі - 6 ай.
Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасымен жұмыс тапты
Шымкент қаласының тұрғыны Иван Тиховтың жасы 62-де. Мамандығы бойынша —
оператор-технолог. Ол зейнеткерлікке шығуға бір жыл қалғанда «Күміс жас» жобасымен жұмыс тапты. Бұған дейін бір жылдай жұмыссыз жүрген. Аталған жобаның жүзеге асырыла бастағанын таныстарынан естіген ол мүмкіндікті қалт жібермей, қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп тиісті құжаттарын өткізген. Нәтижесінде жеке кәсіпкер «Уразбаева» - ның меншігіндегі коммерциялық нысанына жолданған. Қазіргі таңда Иван Тихов сантехник болып жұмыс істеуде.
- Зейнет жасына жақындаған адамдарды жұмысқа қабылдай бермейді. Үкімет осы мәселені ескеріп жаңа жобаны жүзеге асырып отыр. Ол үшін шынайы алғысымды білдіремін. Жұмысым жақсы. Қолдан келетін ісіммен шұғылданудамын. Күш-қуатым бар кезде неге еңбек етпеске?, - дейді Иван Тихов.
«Күміс жас» жобасы биылдан бастап жүзеге асырылуда. Оған қатысушылар - зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі - 12 айды құрайды. Айлық жалақысы - 91 890 тг. (30 АЕК).