Жұмыс жүйеленеді

Жұмыс жүйеленеді

Шымкент қаласында жолаушыларға тасымалдау қызметін 76 бағыт бойынша 24 көлік компаниясы көрсетеді. Көлік компаниялары 1047 кесте бойынша 1283 автобус (836 автобус және 211 шағын автобус) жүйесі арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облысаралық,  қалааралық бағыттарға 7 тасымалдаушы компания 11 бағытта 44 кестемен тасымалдау қызметін көрсетеді. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.у.а Т.Төлегеновтің айтуынша, қалада қоғамдық көліктегі жылжымалы құрамдарды жаңалау жұмыстары жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда, бағыттардағы 1283 автокөліктің 440 (34%) көлігі пайдалану мерзімі 7 жылдан асқан, тозығы жеткен көліктер. Мәселен, 3 жылға дейінгі шыққан 518 (40%) көлік, 325 (26%) 3 жылдан 7 жылға дейінгі көліктер, 440 (34%) 7 жылдан асқан көліктер. ҚР Үкіметі бекіткен «Автобустық тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешендік бағдарламаcы» негізінде, 2019 жылы «Shymkent» ӘКК орта сыйымдылықты, дизель отынымен жүретін (Евро V), отандық 300 автобусты лизингке алды. Автобустар «Shymkent Bus» ЖШС-не жалға берілді. Биылғы жылы сыйымдылығы үлкен, газ отынымен жүретін, отандық 590 автобус алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі танда 70 автобус қабылданды. Ол кезде қалалық бағыттардағы жаңа автобустардың үлесі 25%-дан 69%-ға артатын болады. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялап, Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» дейді Т. Төлегенов.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту мақсатында ағымдағы жылы қолданыстағы маршруттар желісі жаңартылып, Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы әзірленген болатын. Қыркүйек айында "TOLEM" бірыңғай билеттендіру жүйесі іске қосылады деп күтілуде.

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ