Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ауыл округі тұрғындарымен кезекті кездесуі Отырар ауылында жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысын баяндап өтті.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың 5 мамыр күні Отырар округі тұрғындарымен өткен кездесу жиынында ауыл тұрғыны Амангелді Әбдіқұлов Отырар ауыл округіне қарасты елді мекендердегі тұрғын үйлер табиғи газға қосылса деген өтінішін айтқан болатын. Аталған мәселеге орай, тиісті жұмыстар атқарылып, бүгінде Арыс, М.Шойманов елді мекендерінде газдандыру жұмыстарының құрылысы басталып кетті.
Сондай-ақ, Отырар ауыл округінде 2022 жылы аудандық бюджет есебінен М.Шойманов ауылындағы Сырым батыр көшесіне және Арыс ауылындағы Асан қайғы көшесіне тас жол төселсе, ауыл округінің жергілікті төртінші бюджет қаражаты есебінен Арыс ауылындағы Б.Әйтпенов көшесі асфальтталды. Мұнан бөлек, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Арыс ауылындағы Б.Қабылов, Сұлтан Бейбарыс, К.Момбек көшелеріне күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылдың бюджеттіне ұсынылды.
Ауыл округіндегі ауыл шаруашылы саласы да назардан тыс қалған емес. Ағымдағы жылы ауыл дихандары бірлесіп М.Жақсыбаев каналының 2,6 шақырымы, Ш-2 каналының 1,8 шақырымы, Ш-4 каналының 1,4 шақырымы, Ш-6 каналының 1,1 шақырымы балдыр, ұйық-шылаулардан тазартылып, каналдардың ағынсу өткізу қабілеті артты. Ендігі кезекте «Л-1» каналы бойындағы шаруаларға ағын суды толық деңгейде жеткізу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Аталған мәселені алдағы жылдары оң шешу мақсатында канал басына «Қазсушар» РМК-і тарапынан 1 дана СНП-500 электр насосын орнатуға шешім қабылданып отыр. Насос қойылған жағдайда су тапшылығы салдарынан игерілмей жатқан 100 гектарға жуық суармалы жер мен үй іргелік жерлерді толық қамтамасыз етуге жеткілікті болады.
Кездесуде тұрғындар аудан әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын беріп, ризашылықтарын айтты. Алдағы уақытта да игілікті істер жалғасын тапса деген тілектерін жеткізді.