Қайырымдылық пен қамқорлық, жанашырлық пен мейірімділік – адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал, оны жасау, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу – адамның азаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж жандарға қолұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың қолынан келері анық.
Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылып өткізілетін «Мектепке жол» республикалық акциясында «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен Жетісай Ауданындағы мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға сөмкелер мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді.
Шараны аудандық Жетісай Ішкі Саясат Бөлімінің «Жетісай Жастар Ресурстық Орталығы » КММ қызметкерлері мен Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту (Zhetisay Audany Bilim Bo'limi) бөліміне қарасты мектептердің әлеуметтік педагогтары бірігіп өткізді.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы мектеп оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер салдарынан балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған акцияға аудандағы қала, кент, ауылдық округтерден 630 бүлдіршін қамтылды.
Бұған дейін де әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, жалғысілікті қарттар мен түрлі санаттардағы ардагерлерге қайырымдылық көмек көрсетуді күн тәртібінен түсірмеген ауданның жастары «Бүкіл кемелдіктің өзегі – ізгілік» деп ұғады.