Бүгін Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев жұмыс кестесіне сәйкес, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға келген К.Балташова өзінің Жаңабазар елді мекенінен ата-анасынан айырылған 4 немересін бағып-қағу, қамқорлығына алу мақсатында арнайы көшіп келгенін, бүгінде пәтер жалдап тұратынын, балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде екенін айтып, пәтер алуға көмек сұрады. Аудан әкімі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, бүгінгі күні кезекте 346 болып тұрғанын, пәтерлер заң аясында ешкімге кезексіз берілмейтінін, пәтер жалдаушы көмекке мұқтаж отбасы ретінде пәтер ақысына мемлекеттен субсидия алу жолдарын түсіндірді.
Журналист Л.Асанова Біркөлік өзенінің маңы ерекше қорғалатын аймақтар қатарында екенін, өзенді құжатта арық етіп көрсету заңға сай келмейтінін айтты. Бұған қоса, АӘК алушылардың тұрмыстық жай-күйін анықтайтын комиссия жұмысына тұрғындардың наразылықтары бар екенін жеткізді. Аудан басшысы Біркөлік өзені маңын зерттеп, заңсыз құрылыс нысандары салынып не болмаса қоршаулар қойылған болса, барлығына шара көруді тиісті органдарға ұсынатынын айтып, табиғатты қорғау аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ал, АӘК тағайындауға қатысты жұмысшы топтың құрамы мен іс-әрекетін толық зерделеп, жауабын беретінін айтты.
Қаратөбе және Қоғалы ауылдық округтерінен келген көпбалалы аналар «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасына бөлінетін қаржыға қол жеткізе алмағандарын, ауылдық жерде жұмыс орны жетпейтінін, сондықтан АӘК алуға өтініш бергендерін, комиссия олардың бау-бақшасы мен төрт түлігі бар екенін ескеріп, тағайындамағанына шағымданды. Аудан әкімі «Мектепке жол» акциясы аясында жетім, жартылай жетім, аз қамтылған және АӘК алушылар, көпбалалы және ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен шыққан отбасында тәрбиеленіп отырған мектеп жасындағы балаларға берілетін көмек екенін, ол үшін мектепке қажетті құжаттарды өткізут қажеттігін түсіндірді. Ал, АӘК - айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан берілетін ақшалай төлем болғандықтан, ол отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын тұлғаларға тағайындалатынын айтты. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға сәйкес, АӘК тағайындауда отбасы мүшелеріне бірге тұратын жақын туыстарының табыстары қосылады. Отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасына кіретін табыстың барлық түрі, оның ішінде зейнетақы төлемдері де есептеледі.
Қоғам белсендісі Г.Байзақова Кемеқалған ауылдық округіндегі жер кезегінің жылжымау себебін сұрап, медициналық пункт құрылысына арнайы жер бөлуді, ескі мектеп орналасқан орынға спорт кешенін тұрғызу жоспарланғанын айтып, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 4 маманға көмек беруді сұранды.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қабылдау барысында көтерілген мәселелер заң аясында шешімін табатынын, әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.