Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудан 7 секторға бөлінген. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көп қабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылады.
Көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде: 1750 дана ағаш қырқылған, 11 420 ағаш әктелген, 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесуінде 350 ге жақын тұрғындармен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
М.Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді.
Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.
Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.
Шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді.
Өткен жылы Әл-Фараби ауданын мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткен болса, осы жылы 100 пайыздық меже көзделген. Бұл мақсатта базалық станциялар орнатылып, нәтижесінде 195-орам, 275-276 орам тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізеді.
Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Р.Мыңбаев мәлімдеді.
Оптикалық интернет желісімен қамту мақсатында 2021 жылы шалғай орналасқан 2610 үйді қамтитын Сәуле шағын ауданына талшықты оптика желісі жүргізілді. 2022 жылы оптика желісі 195-орам, 275-276 орамға жүргізілмек. Нәтижесінде 100 пайыздық қамту көрсеткішіне жету жоспарланған.