Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Тұран шағын ауданында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексеріп, көшпелі жиын өткізді. Онда пайдалануға берілген үйлердің кемшіліктері бойынша өзекті мәселелер тұрғындармен бірге талқыланып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Шағын ауданда өткен жылы 27 үй пайдалануға берілсе, биыл 41 үй құрылысы жүруде. М.Әйтенов әрбір кемшілік бойынша мердігерлерге қатаң ескерту жасап, тез арада қалпына келтіруді тапсырды.
Табиғи газ бойынша - 5 тұрғын үй қосылған, қалған 20 үйдің қамтылуы қыркүйекке дейін жоспарланған.
Ал, абаттандыру жұмыстарына сәйкес газондардың су жүйесі реттеліп, кіші архитектуралық формалар қойылмақ.
Өткен 2021 жылы қала халқының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау қажеттілігінен бастаған шаһар басшысы Мұрат әйтенов ең алдымен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жүйелендіруді қолға алуды атап өтті. Сондай-ақ, сапалы тұрғын үй салу, сонымен бірге газ, ауыз су, сапалы электр жарығы, жол мен абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін ретке келтіруіміз керек, деді.
Көшпелі жиында «Тұран» шағынауданының даму жоспарына сәйкес, 14 ораммен - 24 орам аралығындағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандар, саябақтар құрылысы, сонымен қатар, 25 орам мен 29 орамдардың аралығындағы инженерлік жүйелердің құрылыс жұмыстары мен жол мәселесінің барысы пысықталды. Бүгінде шағынауданның 13 көшесінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол, веложол және автомобиль жолдардың сызбалары енгізілген. №1,2,6,7,8,10 көшелердің құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланса, 3,4,5,9,11,12,13 көшелердің құрылыс жұмыстары 2022 жылға өтпелі. Сондай-ақ, шағынауданды мектепке баратын жолмен қамтамасыз ету бойынша жалпы ұзындығы 908 м, ені 6 м жолға 2 қабатты асфальт төсеу жобаланған.
Кезекті көшпелі жиынды қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов салалық басқармаларға құрылыс жұмыстарының кестеге сай өз уақытында сапалы атқарылуын қадап тұрып тапсырды. Сондай-ақ, әрбір мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарының барысында қауіпсіздік шараларына мұқият болу жағы қайта-қайта ескертілді.