Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы тұрғындарымен өткен 6 айлық есепті кездесуінде Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғындары инженерлік-инфрақұрылым, жол, жерді заңдастыруға қатысты мәселелер көтерген болатын. Бүгін шаһар басшысы аталған шағын ауданға барып, тұрғындармен кездесті.
Шағын аудан өткен жылы электр жарығы және ауыз сумен қамтылды. Табиғи газ бойынша ЖСҚ әзірленуде, құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланған. Интернетпен қамтуда базалық станция орнатылуда, жыл соңында пайдалануға берілмек. 10 көшенің екеуі жарықтандырылған. Осы жылы 1 көше, келесі жылы 2 көшені жарықтандыру жоспарға енген.
Биыл емханаға баратын ұзындығы 1 шақырым жолға асфальтбетон төселді. Кешенді жоспарға сәйкес 2023 жылы жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайтын Қайыңды, Дарабоз, Қапланбек, Таң нұры, Кеңістік және Имантау көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Шағын ауданға №55, №19, №138, №66, №146 автобустары қатынауда. Барлық қоғамдық көліктер шағын ауданды толық қамтып, орталық көшелерінде кестеге сәйкес қызмет көрсетуде.
Тұрғындар сауалдарына жауап берген қала әкімі, негізгі мәселелердің шешімі мен мерзімін жеке-жеке түсіндіріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Жерді заңдастыру бойынша арнайы комиссия құрылып, әрбіріне жеке тоқталатыны түсіндірілді.
2021 жылығы жиында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары шағынаудандағы құрылыс жұмыстарының барысын баяндап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда шағынауданда ауыз су бойынша ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оған жауапты мердігер – «Компания Ахмет» ЖШС.
Электр жарығы бойынша бюджеттен қаржы қаралап, мердігер мекеме «А.Мерей и К» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Ынтымақ-2» шағынауданының батыс бөлігінде де «А.Мерей и К» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары қолға алынған.
Табиғи газ мәселесі бойынша газ жүйелерінің құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралып, «Энерго Ресурс Шымкентгаз» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Кездесу соңында аудан әкімі жұмыстардың барлығы қала әкімінің бақылауында екенін жеткізіп, мердігер мекемелерге сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.