ШЫМКЕНТТІК ХИРУРГТАР БАЛАЛАРДЫ ТЕГІН СҮНДЕТТЕУДЕ

ШЫМКЕНТТІК ХИРУРГТАР БАЛАЛАРДЫ ТЕГІН СҮНДЕТТЕУДЕ

Аталған шара қалалық №1 клиникалық аурухана мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры жасаған екі жақты меморандум аясында өтуде. Дәрігерлер екі күн бойы 100 балаға осындай тегін операция жасауды жоспарлаған.
Алғашқы күннің өзінде ауруханаға келген тұрғындар көп болды. Себебі, тегін сүндеттеу – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек.
Қала тұрғыны Фатима Мұсаева сүндеттеуге бес немересін алып келіпті. Қарт ана: “Көп балалы отбасылар үшін мұндай игі шара зор қолғабыс”,-дейді.
Шымкенттік дәрігерлер тегін сүндеттеу акциясынан бөлек, “Ізгілікте жарысайық” қайырымдылық қорында тіркеуде тұрған аналарға тегін диагностикалық тексеру өткізіп, дәрігерлік кеңес берді.
Айтып өтейік, қайырымдылық шарасы аясында дәрігерлер 2 күн бойы (17-18 тамыз) 100 бала мен 100 анаға тегін медициналық қызмет көрсететін болады.
Балалар ауруханасы 315 төсек-орынға лайықталған. Мұнда 20 профилді бөлімше болса, оның 8-і хирругиялық бағытта қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар.
Мемлекет басшысы биылғы жылы балалар жылы деп жариялады. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер орын алуда.
-Қаламыздағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, балалардың денсаулығын жақсарту басты міндетіміздің бірі болып табылады. Қаламыздың денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ қаламызда жеке ауруханалар мен амбулаторлық орталықтар жылдан жылға артуда,- деді қала басшысы Мұрат Әйтенов.
Аурухана ішінде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылды. Атап айтқанда - нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды. Неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылды. Алдағы уақыттарда ауруханада жақсы өзгерістер күтілуде. Айта кететін жайт аурухана қызметкерлері қаламыздың спорт, тазалық және т.б. салалары бойынша түрлі сайыстар өткізіп отырады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...