Шымкентте 81 елді мекен бар болса, соның 31-і табиғи газбен жартылай қамтылған. Ал 8 елді мекенге газ тартылмаған. Бүгінде халықты толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қаладағы 15 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды.
Брифингте осылай деген қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков жыл соңына дейін бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын жеткізді.
“Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады”,-деді ол.
Шымкент қаласы тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7%-ға артады.
Қаратау ауданындағы Тассай тұрғын алабы ауыз су, мемлекеттік жүйедегі электр жарығы толық қамтыған. Қазір табиғи газ бен кәріз жүйесін тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын алабқа инфрақұрылым жүйелерін тарту барысын көрді.
Қазір елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін «Сарыағаш Аман» ЖШС мекемесі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құжатына сәйкес, жүйенің жалпы ұзындығы 115,2 шақырым. Бүгінде 66,3 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, жұмыстың 62 пайызы орындалған. Құрылысы 2021 жылы басталған нысан аяқталуы келер жылға өтпелі.
Тұрғын алабты толық көгілдір отынмен қамту мақсатында «Ремстрой» ЖШС-і құрылыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Қазіргі уақытта қалада 1 магистралды және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Тұран магистралды газ құбыры мен 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 20 мыңға жуық тұрғынға табиғи газ беріліп, қамтылу көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. 2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қоса, 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елді мекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газбен қамтылады. Еске сала кетейік, өткен жылы Бадам тұрғын алабында (195 орам) 331 абонентке табиғи газ жүйесінің құрылысы аяқталған болатын. Биыл 13 тұрғын алапта табиғи газбен қамтылмаған жаңақұрылыс аумақтағы 6149 абонентке ЖСҚ әзірленеді. Атап айтқанда,Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Айнатас, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Қаратөбе, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Бадам, Бадам-2 және Оңтүстік елді мекендері бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы қалада 2023 жылы 8, 2024 жылы 12 елді мекен табиғи газбен толық қамтылады. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz ақпараттық агенттігі.