Әлеуметтік маңызы бар № 55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Жаңа автобустар қыркүйек айынан бастап жолаушыларды тасымалдауға кіріседі.
№ 149 автобустың саны онға жетті. Ал, № 55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады.
Жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды.
Бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 78 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 843 автобус шығады. Жеке меншік нысандағы 10 компания жолаушыларды тасымалдайды.
Шымкент қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңа автобустармен толығып, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
Осы жұмыстардың барысын қадағалау мақсатында БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов БАҚ өкілдерімен бірлесе қоғамдық көліктердің аралық интервалын, қызмет көрсету сапасын бірлесе бақылады.
Қазіргі таңда қоғамдық көлік компаниялары бәсекеге қабілетті болуы керек. Қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған жағдайда көлік компанияларымен келісімшарт бұзылады.
Бүгіннен бастап қала тұрғындарына 26 бағыт жаңа автобустармен қызмет көрсетуде. Тасымалдаушы көлік компаниясы өз есебінен кең сиымдылықты, Yutong маркалы жаңа 10 автобусты желіге шығарды. Аталған бағыт Барыс базары мен Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді.
Қала тұрғындары тарапынан әлеуметтік желілерге және lKomek ситуациялық орталығына №26 бағыттың аралық интервалына және автобустарының ескілігіне шағымдар жасалған болатын.
Осы шағымдарды ескере отырып, №26 маршрутта қызмет көрсеткен «МАN Оңтүстік» тасымалдаушы компаниясымен арадағы келісімшарт біржақтама бұзылды. Қазіргі уақытта маршрутта жаңа, Yutong маркалы, кең сиымдылықты 10 автобуспен (демалыс күндері -8) «Shymkent Bus» тасымалдаушы компаниясы өз есебінен қызмет көрсетуде.