Алматыда соңғы 15 күнде коронавируспен ауыру деңгейі 7 есеге төмендеді

Алматыда соңғы 15 күнде коронавируспен ауыру деңгейі 7 есеге төмендеді

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық Басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты.

 

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, пандемия басталғаннан бері Алматы қаласында COVID-19-дың 13 742 жағдайы тіркелген. Соңғы 15 күнде сырқаттану  деңгейі 7 есеге төмендеді. Егер шілде айының соңында тәулігіне 271 жағдай тіркелген болса, бүгінде 40-қа жуық жағдай тіркеліп отыр.  Коронавирустан қайтыс болғандар саны-195. Барлығы 9306 адам сауығып кетті. Бұл жұқтырған жағдайлардың 68% құрайды.

 

Жалпы төсек саны-5781. Стационарлардың жүктемесі бүгінде 19%-дан аспайды. Қазіргі уақытта тәулігіне 70-тен астам науқас ауруханаға жатқызылады.  Салыстыру үшін бір ай бұрын ғана стационарларға 417 науқас келіп түскен болатын.

 

«Біз резервтік төсек санын арттыруды жалғастырамыз. Жаңа,  тез салынатын модульдік аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл 300 төсек-орын, оның ішінде 30 реанимациялық орын бар.  Бұл екінші модульдік инфекциялық стационар болады. Сонымен қатар, стационарды медициналық техникамен жабдықтау және қажетті кадрлармен толықтыру мәселесі пысықталуда. Аталған стационар бірінші эшелонның толыққанды клиникасы ретінде жұмыс істейтін болады»  деп атап өтті спикер.

 

Сондай-ақ, RAMS компаниясының жеке бастамасы ретінде,  Алматыда 1 қазанға дейін 215 төсек – орыны бар қонақ үй базасынан екі стационар іске қосылатын болады. Оның ішінде 34-і реанимациялық орын. Қонақ үйлер барлық стандарттарға сәйкес қайта құрылады. Стационарларда бақылау және сұрыптау бокстары, операциялық және емханалық бөлімшелер қарастырылған.

 

«Госпитальдар заманауи жабдықтармен, соның ішінде КТ аппараттарымен, УДЗ, ӨЖЖ рентген аппараттарымен, сондай-ақ медициналық газдар жүйесімен жабдықталады. Медицина қызметкерлерінің штаты  даярланып жатыр. Бұл қатарға Түркиядан келген дәрігерлер де жатады. Стационардың тағы бір ерекшелігі-90 минут ішінде КВИ тестінің нәтижелерін алуға мүмкіндік беретін жеке ПТР зертханалары бар» деді басқарма басшысы К. Надыров.

 

Барлық ғимарат жеке кіру есіктері,  зарарсыздандыру жүйелері бар үш бөлікке бөлінеді. Клиникада таза ауа ағынын жіберетін жүйе де бар.  Бұл қызмеркерлердің вирус жұқтыру қауіпін азайтады.

 

«Стационарларда барлық жағдайды жасай отырып, біз инфекциялық қауіпсіздік шараларын сақтауға да ерекше назар аударамыз. Бұл мәселе қала әкімінің басты  назарында. Біз науқастарға да,  қызметкерлерге қамқор боламыз»  деді К. Надыров.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Бүгінгі таңда елдің энергетикалық қажеттіліктері өсіп, экологиялық талаптар күшейіп келе жатқанда, атом электр станциялары тиімді және сенімді шешім болып...