«Жастар рухы» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалы жанынан қаладағы ЖОО жатақханаларына мониторинг жүргізу мақсатында арнайы топ жасақталды. Оның құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Е.Жүнісбек, қалалық мәслихат депутаты Т.Балтабаев, «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары З.Орынбеков, «Қазақстан волонтерлар лигасының» төрағасы Е.Байжігітов және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары бар.
Бүгінгі күнге дейін аталмыш мониторинг тобы шаһардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының он жатақханасында болып, тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ №5 жатақханасына ат басын бұрып, студенттерге жасалған жағдайды барлап шықты. Жоғарыда аты аталған оқу ордасының жалпы алты жатақханасы бар. Оның екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған төрт жатақханада ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа оқу жылында студенттерді қабылдауға дайын.
Студенттер үйінен орын ең әуелі шетелден келген білімгерлер үшін, көпбалалы, толық емес отбасының өкілдеріне және шалғай қалалар мен ауданнан келген жастарға беріледі. Жатақхана тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Ас бөлмесі, жуынатын бөлме, демалыс бөлмесі, кітапхана және жаттығу залы арнайы жабдықталған. Студенттердің қолайлы жағайы үшін интернет жүйесі іске қосылған. Айта кететін тағы бір мәселе, жатақханада «ерекше» жандар үшін арнайы бөлме әзірленген. Жатақханада тұру бағасына келсек, мұнда бакалавлар үшін секциялық бөлме айына – 7000 теңге, дәліз типті бөлме – 6000 теңге, ал магистр және докторанттар үшін – 12 000 теңге.
Шымкентте 2021 жылы үш жатақхана пайдалануға берілді. Олар жалпы 1 100 студентке шақталған. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты әлі де ширату қажет, дейді жауапты мамандар. Себебі, әзірге қаладағы ұзын-саны 36 жатақханада 10 700 орын бар. Бұл – жалпы қала студенттерінің 9 пайызын ғана қамтитын көрсеткіш.
Жаңа студенттер үйі 6 ғимараттан тұрады. Жөртелесінде спорт залы орналасқан. 10 200 шаршы метр ғимараттағы бөлмелер 2, 4 және 6 орынға шақталған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелері мен кітапханадан бастап асхана, медициналық пункт пен кір жуатын бөлмелерге дейін бар жағдай қарастырылған.