Қоғамдық көлік жұмысының сапасына аудан тұрғындары көп шағымын тудырды. Бұл автобус паркінің жетіспеушілігімен байланысты еді. Бұл туралы Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Биылғы жылдың көктемінде әкімдік 450 жаңа автобус сатып алды, оның ішінде 92 автобус Алатау ауданында таратылды. Осылайша, қазір ауданның автобус паркі 100% жаңартылды.
Жаңа автобустардың арқасында 12 маршрут желінің мәселелері шешілді.
Тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере отырып, "Теплоэнергетик" саяжай массивіне №142, Теректі ш/а №53, Қарасу ш/а "Адем" сауда үйіне дейін №35, “Мәдениет” тұрғын үй кешенінен бастап “Өжет” шағын ауданына дейін №24 жаңа маршрут ашылды.
Қарасу мен Самғау шағын ауданында 2 маршрут ұзартылып, жылжымалы құрам саны көбейтілді. Бұл маршруттар интервалын сақтауға мүмкіндік берді.
Шаңырақ-1, Дархан, Алғабас, Теректі, Ұлжан шағын аудандарында №103, №69, №115, №132 маршрут желілерінің 52 автобусы жаңартылды.
Рахат-Мәдениет ш/а №24 және Саялы ш/а №125 автобус маршруттары қозғалыс интервалы қалпына келді.
Жыл басында ауданда 90 аялдама жетіспеген, оның 30-ы орнатылды. Желтоқсанға дейін тағы 20 аялдама орнатылады.
Қалғандары 2023 жылы орнатылады. Алатау ауданы бойынша аялдамалардың жетіспеушілігі мәселесі келесі жылдың соңына дейін толығымен шешіледі.