Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие орталығы ашылды. Салтанатты рәсім әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында өтті. Бұл туралы Azattyq Rygy сайты мәлімдеді.
Орталықта «Әл-Фараби және ғылым», «Әл-Фараби және грек ойшылдары» (Аристотель, Платон), «Әл-Фараби және өнер», «Әл-Фараби және тәрбие», «Әл-Фараби және Поэзия», «Әл-Фараби және шешендік өнер» бөлімдері бар.
Орталық ішінде ғалымға бюст қойылған. Ескерткіш авторы – Астана суретшілер одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Арипов.
«Орталықтың негізгі мақсаты - жас ұрпаққа әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың соңында қалған мол мұрасын, ғылымдағы мұрасын, тәрбие, музыка салаларындағы барлық еңбектерін жинақтап, түсіндіріп жеткізу. Абай бабамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқандай, әл-Фараби бабамыздың әрбір жақсы қасиетін балалардың бойынан көргіміз келеді. Шынында да, ол адам таңғалатын, «осындай мүмкіндік адам баласында да болады екен-ау» деп таңдай қақтыратын тұлға», - дейді әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.
Фарабитанушы Жолтай Әлмашұлы әл-Фарабиді әлем екінші ұстаз деп танығанымен, Орта Азия, Қазақстан үшін ол қай уақытта да бірінші ұстаз болып қалуы керек екенін жеткізді.
«Биыл біз Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығымен қоса, хәкім Абайдың 175 жылдығын тойлап жатырмыз. Осы орайда, Абайдың ұстазы кім дегенде мүдіре беретін едік. Енді қазір емін-еркін «Абайдың ұстазы – Әбу-Насыр әл-Фараби» деп айтуға хақылымыз деп ойлаймын. Мағжани деген ғұлама болған. Ол әл-Фараби еңбектерімен жақсы таныс болған. Оның шәкірттері Семейге келіп, дәріс берген. Сол шәкірттерден Абай дәріс алған. Демек, Абай өз заманында Әбу-Насыр әл-Фарабиді таныды, білді, еңбектерімен таныс болды деп айта аламыз», - деді жазушы.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филилолгия ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы әл-Фараби мұрасын елімізде насихаттау жұмыстарының басында тұрған ғалымдар туралы айтты.