ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МАҚТА ЗАУЫТТАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МАҚТА ЗАУЫТТАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

Түркістан облысындағы диқандардың талабын жеткізу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен халықаралық мақта саудагерлерімен (мақта сатып алатын трейдерлер) кездесу өткізді. Ашық әңгіме барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. Халықтың уәжін жеткізген Түркістан облысының әкімі зауыт басшыларына бірқатар талап қойды.
- Сіздермен бірге маңызды мәселені талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Шаруалармен кездесуімде олар мақта шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бірден айтайын, біз - халықтың жағындамыз. Мен халықтың уәжімен келісемін. Сіздерді түсінеміз. Дегенмен, халықтың жағдайын ойласаңыздар. Шаруалар бейнетпен өсірілген ақ алтынның биылғы бағасының төмендігімен келіспей отыр. Кездесуде мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, секілді жайттарды айтты. Зертханалар мақта сапасын қасақана түсіреді деді. Мұндай жағдайларға жол берілмеу керек. Жалпы, келешекке сіздерді тек мақтаны тазалап, сатпай, қайта өңдеумен айналысуды қолға алуға шақырар едім. Тігін фабрикалары ашылса, көп мәселе шешіледі. Шаруаларға да тиімді, ішкі нарық артады. Жұмыс орындары да ашылады. Осы істі қолға алсаңыздар, біз қолдауға дайынбыз,- деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс басшысы ірі зауыт иелеріне мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды. Тараптар ортақ мәселелерді ортаға салып, нәтижесінде шитті мақтаның бір тоннасына бүгіннен бастап шаруаларға 250 мың теңгеден алдын ала төлем (аванс) жасайтын болды. Соңғы баға биржаға байланысты болады.
Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді, Ливерпуль биржасының Индексіне сәйкес белгіленеді. Өңірде 21 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеттері бар.
Бүгінде мақта өндіруші компаниялар тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (мақта сатып алатын трейдерлер) жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісім шарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыттарының басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға - мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.
Жалпы биыл облыста 125 мың га астам алқапқа мақта егілген. Бұл жалпы егістіктің 15 %. Шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 26,2 центнерден 330 мың тоннадан астам жиналады деп болжануда. Бүгінгі күнде облыста 16 мың тонна мақта жиналды. Жиын-терім жұмыстары жүргізілуде. Жалпы бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.
Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы орташа 320 - 380 мың тг. қабылданып, Ресей, Қытай, Түркия, Латвия, Молдова, Беларусь, Германия, Бельгия елдеріне 68 мың тн мақта талшығы экспортталды. Ал, қалған 19 мың тн мақта талшығы ішкі нарыққа сатылды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді.
Мемлекет тарапынан күзгі жиын терім жұмыстарына 48 мың тн. жанар-жағар май (бағасы нарықтан 15-20 % төмен) және 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50 % -ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд.тг субсидия қаржысы бөлінді. Сонымен қатар 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн.теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн. теңге қаржы бөлінді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...