Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты жазды.
16 тамыз күні кешкі сағат 10-да «103» пультіне шұғыл қоңырау түсті. 81 жастағы қария бас ауруы, дене қысымының 180-ге көтерілгеніне шағымданған. Алайда қоңырау түскен мекен-жай бойынша келген Ілияс Оңғарбаев пен Аубакир Айдана фельдшерлер сол аяқ-қолдардың қимылсыздығы және беттің қисаюына әкеп соққан ауыз бұрышының төмендеуін байқады. Пациентті шұғыл түрде ауруханаға апару тиіс екені бірден белгілі болды.
«Кіреберісте қария жүрек ұстамасына ұшырады. Арнайы құрылғы науқастың жүрек ырғағы жоғарлағанын көрсетті. Бәрі бір секунд ішінде болды. Ауруханаға тезірек жетеміз дегенде, клиникалық өлім тіркелді. Біз шұғыл медициналық көмек көрсеттік. Бұл жерде әрбір секунд бағалы» деп еске алып отыр фельдшерлер.
Адам өмірі фельдшерлердің шұғыл әрекеті мен көрсетілген медициналық көмектің арқасында құтқарылғаны сөзсіз. Дефибрилляторды қолдану арқылы науқастың жүрек соғу жылдамдығы қалпына келтірілді. 8 минуттан соң науқас Көпсалалы №2 қалалық ауруханаға жеткізіліп, әрі қарай мамандандырылған көмек көрсету үшін реанимациялық тобқа тапсырылды.
Қазіргі таңда науқастың денсаулық жағдайы тұрақты болып отыр, дәрігерлердің толық бақылауында.