Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды баспана мәселесіне қатысты қабылдау өткізді.
Басқарма басшысы қабылдауда болған азаматтардың мұң-мұқтаждығын тыңдап, Заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған азаматтардың тұрғын үй кезегіне тіркелуге, тұрғын үйді жекешелендіруге, және жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысу арқылы баспаналы болудың бағыттарына қатысты сұрақтары тыңдалды.
- "Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұмыс атқаруға күш салуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаждар кезегінде 49 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл ретте азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асатындығын ерекше атап өтемін",- деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы.
Жалпы биыл тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, оның ішінде ағымдағы жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша - 31, көпбалалы отбасылар – 86, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қалған пәтерлер алдағы уақытта жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады.
Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының ӘІО Арғынбеков көшесі бойында салынып жатқан №1 және №4 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. 2020 жылдың аяғында басталған құрылыс жұмыстары қыс мезгіліне дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Әрбір үйдің аумағы 3 518,43 шаршы метр, 1,2,3 бөлмелі 54 пәтерден тұрады.
№1 үйдің бүгінде темірбетон бұйымдар-100%, ішкі әрлеу-95%, инженерлік жүйе (су, жылу, электр, кәріз, газ)-95%, лифт-99%, дәліз периласы-90%, балкон есіктері мен терезелері-80%, қасбет-90% жұмыстары аяқталған.
Ал, №4 үйдің темірбетон бұйымдар-90%, ішкі әрлеу-85%, линолеум-70%, обой-75%, кафель-75%, инженерлік жүйе -85%, лифт-90%, дәліз периласы-5%, балкон есіктері мен терезелері-60%, қасбет-80% жұмыстар жалғасуда.
Шымкент қаласының Әкімшілік іскерлік орталығында 9 қабатты 8 тұрғын үй салынуда. Бүгінде оның төртеуі пайдалануға берілді, қалған төрт үйде құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. 432 пәтердің жалпы аумағы 23 820 шаршы метрді құрайды.
Бүгінде тұрғын үйлердің инженерлік желілері 75 пайыз, лифт – 10 пайыз, ішкі әрлеу 95 пайызға, сыртқы әрлеуі 90 пайыз жұмыстары аяқталған.
Құрылыс жұмыстарының барысын қадағалаған қала әкімі құрылысты осы айдан кешіктірмей аяқтауды және абаттандыру жұмыстарында орын алған олқылықтарды реттеуге тапсырма берді.