Шымкентте зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының тағы бір бөлімшесі ашылды. “Халықаралық қарттар күніне” орай ашылған нысанның ресми салтанатына шаһар басшысы М.Әйтенов қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде жылы лебізімен қатар, қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің көлемі жыл сайын артып отырғанын және бұл бағыттағы жұмыстар Президент саясатындағы басым рөл атқаратын бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Жаңадан ашылған бөлімше Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесі, 22/1 учаскесінде орналасқан. Жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бойынша 140 азаматқа дейін қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мұнда дәрігерлік тексеруден өтіп қана қоймай, ART терапия, әсемдік жасару терапиясы, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясы, емдік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қоса бос уақытты ұйымдастыруға арналған бильярд,теннис, садақ ату, бассейн, массаж, тренажерлық қызмет түрлері де қарастырылған. Жалғызілікті жандарға арналған 8 сағаттық жартылай станционар да жұмыс істейді.
“Белсенді ұзақ өмір”орталығының бөлімшелері қаладағы 4 ауданның үшеуінде Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылған. Абай ауданы бойынша тағы бір бөлімшенің лентасы келесі жылы қиылатын болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылы өткізген «World Population Prospects» мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы 11 адамның 1-і 65 жастан асқан адам болса, 2050 жылға қарай әлемдегі 6 адамның 1-і осы жас мөлшерінен асады екен. Әлемнің әр түкпіріндегі қоғамдар осы ұзақ өмір сүрудің эволюциясынан өтіп жатыр. Кейбіреуі оның алғашқы сатысында болса, екіншісі әлдеқайда асып кеткен. Батыс зерттеушілерінің айтуы бойынша, олардың барлығы осы деңгейге жетеді. Мәселен, 1890 жылы Швецияда халықтың кем дегенде, 50 пайызы 65 жасқа дейін жете алса, қазіргі кезеңде өмір сүру ұзақтығы жоғары елдерде бұл көрсеткіш 90 пайыздан асады. Сонымен қатар, 65 жастан кейінгі өмірдің үлесі 1960 жылдары бестен бір бөлігін құраса, бүгінгі дамыған елдердің көпшілігінде ол төрттен бір немесе одан да көп бөлігін құрайды. БҰҰ қарарында ұйымның қартаю мәселелері жөніндегі қорына түсетін жарналардың төмендегені байқалады. Қазіргі уақытта әлем халқының қартаю қарқыны артып, қарт адамдар кез келген мемлекеттің даму процесіне үлес қоса алатын қоғам мүшесі ретінде мойындалып келеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы ел үкіметтері мен үкіметтік емес ұйымдарды қартаю мәселелері бойынша арнайы қорға жарна салуға шақырып отырады.