Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықтың жеке мәселелері бойынша жоспарланған кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді.
Талап-тілегін алға тартқан 200-ден астам тұрғынды қала әкімі М.Әйтеновпен қоса, мәселеге қатысты басқарма басшылары, салаға жауапты әкім орынбасарлары, Шымкент қаласы полиция департамент басшылары мен прокуратура секілді мемлекеттік органдар өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.
Әртүрлі себептермен қиын жағдайда жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды. Мәселенің біразы сол жерде шешімін тапса, тағы біразына уақыт қажет. Ал, орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Көпшілік баспана кезегі, жер телімдерін заңдастыру, жеке кәсіпкерлік нысандарына жер бөлу, жолдар салу сияқты мәселелерімен қатар, іргелес және шалғай жатқан елдімекендердің су, газ, жарықпен қамтылуын сұрауда. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөніндегі сұрақтар да жоқ емес.
Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты шешілу жолдары айтылып, хаттамаға енгізілді.
Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.
Еске салар болсақ, қала әкімінің ай сайынғы азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.
Алдыңғы кездесулерінде бірінде, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда. Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізген болатын. Есепті кездесуге 350-ге жақын тұрғындармен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді. Ал, Абай ауданының тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.