Бұл – музыка, талант, алғашқы махаббат, сенім мен нағыз достыққа құрылған шынайы жүрекжарды оқиға. Фильмде ғылым мен өнер арасындағы күрделі таңдау, топтың өміршең әндерінің арқасында жетістікке жету жолы сипатталады.
«Дос-Мұқасан» – әртүрлі жастағы аудиторияны өзіне баурап алатын отбасылық кино. Егде жастағы адамдар жастық шақты, сол кездегі әндерді сағынышпен еске алса, жастарға өткен ғасырдың 70-жылдарының лебін сезініп, қазақ «Битлз»-нің қалыптасу тарихымен танысу мүмкіндігі. «Дос-Мұқасанды» атақты «Ливерпуль төрттігімен» салыстыруымыз бекер емес. Себебі батыс аудиториясы үшін Yesterday мен Twist and Shout хиттері қаншалықты маңызды болса, «Той жыры» мен «Сағындым сені» қазақ ән өнерін бағалаушылар үшін соншалықты маңызды.
Үлкен команданың еңбегімен жүзеге асырылған фильмнің музыкалық-дыбыстық әрлеуі көрермен көңілінен шығатыны сөзсіз.
«Дос-Мұқасан» – Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша Aray Media Group студиясы түсірген өмірбаяндық көркем фильм. Музыкалық драманың продюсері – Айгүл Байбек, режиссері – Айдын Сахаман. Түсірілім жұмыстары 2021 жылы сәтті аяқталды. Аталмыш картина қазақстандық көрерменге осы күзде барлық кинотеатрдан көрсетіледі. Фильм қазір бірқатар фестивальға қатысып, көптеген кино өнерін бағалаушы тарапынан оң бағаға ие болып үлгерді.
Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалды. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков секілді дарынды актерлер сомдады. Сондай-ақ бұл фильм Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи сияқты танымал блогерлер мен вайнерлерге кино әлеміне жол ашты. «Дос-Мұқасан» вокалдық-аспаптық ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов түсірілім барысында кеңесші болды.
"Бастапқыда бұл ұжым музыкалық топ ретінде құрылмаған екен. Бір топ жігіт жай ғана жиналып, аспаптарда ойнап, музыкамен әуестенетін достар болған. Олар кәсіби музыкант боламыз деп ойламаса керек, бәрін тағдыр айдап, бір арнаға тоғыстырыпты. Сонымен бірге бұл фильмде достықтың қалай туындағаны, кейіннен, өкінішке қарай, қимас достардың жігі қалай ажырап қалғаны туралы әңгімеленеді. Үлкен шығармашылық ұжымдарда келіспеушіліктер болып тұратыны ешкімге құпия емес. Біз кейіпкерлеріміздің достығына не арқау болғанын, топ ішіндегі келіспеушіліктер неден туындағанын және олардың бүгін не ойлайтынын көрсеткіміз келеді. Жалпы алғанда, біз жас студенттердің жай ғана шығармашылық әуестігінің келе-келе аты аңызға айналған үлкен шығармашылық топқа айналуы тарихын баяндағымыз келіп отыр", – дейді болашақ көркем фильмнің қоюшылары.
Әдетте көзі тірі мұндай тұлғалар өмірі деректі фильм жанрында түсіріліп жататыны белгілі. Сондықтан бұл шынайы өмірбаяндық фильм бола ма, әлде режиссер аз-кем қиялдап, өмірде болған оқиғаларды құбылта ма дейтінге келсек, дәл қазірге шығармашылық топтың түпкілікті ұстанымы жоқ. Бірақ картинаның боямасыз болатындығына сенеді.
АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН «ДОС-МҰҚАСАН» ТОБЫ ТУРАЛЫ КӨРКЕМ ФИЛЬМ КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ
