МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ- ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ- ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

Шымкентте Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумы өтті. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған форум тақырыбына Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы арқау болды. Модератор М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы Әзімхан Исабек сөз сөйлеп, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Тіл- ұлттың аса ұлы игілігі әрі ажырамас бөлігі. Тәуелсіздік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс аясы кеңейе түсті. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай міндет емес. Себебі ол тіл, мемлекет иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықты өтей алатын дәрежеде болуы шарт. Яғни, өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, дипломатиялық қарым-қатынас, ғылым, өндіріс, ресми іс-қағаздар тағы басқа салаларда қызмет ететін қоғамның қажетті құралына айналуы қажет. Ал, қазіргі қоғамдағы қазақ тілі осындай мұқтаждықтарды өтей алып жүр ме? Бұл мәселе тұрғысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық оратылығының атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы баяндама жасап, орталықтың тілдің дамуына қосып жатқан үлесіне де қысқаша тоқталып өтті.
-«Тіл-қазына» орталығы тіл ғылымының дамуына, сонымен қатар тілдік қолданыс аясын кеңейтудің әдіс-тәсілдері мен технологияларын меңгеруге кең көлемде қызмет етіп келе жатқан бірден-бір орталық деуге болады. Атап айту керек, биыл Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойына орай, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жуырда орталық алғаш рет А.Байтұрсынұлының таңдамалы шығармалар жинағын ағылшын, түрік, орыс тілдеріне аударып, баспадан шығарды. Сондай-ақ, еліміздің түкпір түкпіріне ат басын бұратын «Ахаң жүріп өткен жол» экспедиясы өз жұмысын бастады. «Тіл –қазына» орталығының қолданбалы «Sozdikqor.kz» платформасы, қазақ тілін деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервис қызметі, дұрыс жазуға көмекші құрал «Emle.kz» сайты мен терминологиялық қордың біріздендірілген жинағы «Termincom.kz» сайты туралы мәліметтеріне қанығуға болады. Сондықтан, қазақ тілін өзіміз қажет етпесек, өзіміз қолдану аясын кеңейтпесек, тұрмыста, жұмыста пайдаланбасақ өзгелерге бірдеңе деу артық сияқты. Қазір қазақ тілінде қандай мәлімет, ақпарат керек болса бәрі де қолжетімді. Ал жоқ дейтін адамды тілді үйренуге, меңгеруге құлқы жоқ деп түсіну керек, - деді Лиза Есбосынова.
Бұдан кейін ОҚМПУ профессоры, жазушы ғалым Құлбек Ергөбек сөз алып, тілдің мәні мен маңыздылығына тоқталса, Ж.Тәшенов атындағы университеттің ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Әбенова тіл мәселесі мен тілдік орта жайлы мазмұнды баяндама жасады.
Шара барысында Қазақстан Ассамблесының корей этно мәдени бірлестігінің мүшесі Тимур Пак пен Қазақстан Ассамблеясының өзбек этно мәдени бірлестігі Жастар қанатының мүшесі Гузал Бахтияровна Хаджимуратова құттықтау сөздерін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар тіл жанашыры ретінде басқарма тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, форумды ұйымдастырушы Шымкент қалалық тілдері оқыту-әдістемелік орталығы қаладағы мемлекеттік, бюджеттік, құқық қорғау мекемелері мен кәсіпорын қызметкерлеріне қазақ, орыс, ағылшын тілінде деңгейлі курстар өтеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...