Мектеп кезеңінің басталуына байланысты оқушылар тасымалын оңтайландыру мақсатында қоғамдық көлік бағыттарына бірқатар өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, Тұран шағын ауданынан қызмет көрсететін №17 автобус маршрутына 2 автобус қосылып, қазіргі уақытта жұмыс күндері 12, ал сенбі, жексенбі, мейрам күндері 10 кестемен қызмет көрсетуде. Сонымен қатар Қайнарбұлақ шағын ауданынан қатынайтын №149 маршрутқа 4 кесте, Бозарық шағын ауданынан қатынайтын №171, №171а маршруттарына 1/1 автобустан, Сайрам шағын ауданынан Акбар базарына дейін келетін №139 маршрутқа 2 автобус, Достық шағын ауданынан қатынайтын №150 маршрутқа 2 автобус, Ынтымақ шағын ауданынан қатынайтын №55 маршрутқа 2 автобус қосылғанын хабарлаймыз.
Айта кетейік, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала тұрғындары тарапынан 109 IKomek және әлеуметтік желі арқылы түскен өтініштер қаралып, міндетті түрде тиісті жұмыстар атқарылады.
Әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі № 55 және № 149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріседі.
№ 149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, № 55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады.
Айта кетейік, жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісім-шарттар негізінде атқарылды.
Бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 78 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 843 автобус шығады. Жеке меншік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал, пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.