Шымкентте дәрігерлер алғаш рет сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа күрделі ота жасады.
№2 қалалық аурухана базасында тың әдіспен жасалған операция кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған.
Қыркүйектің 21 күні ауруханаға бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдаған 1986 жылы туған науқас түседі. Сүйек буындары ауырсынған, дене бітімі кішірейген, бойы шөккен. Дәрігерлер пациентті тексеруден өткізіп, оның ағзасынан кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталады.
Шұғыл арада консилиум құрылып, пациенттің өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер күрделі ота жасауға шешім қабылдайды.
№2 қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалынып, нәтижесінде науқастың ауырсынуы басылған.
“Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып әр аптада қан талдауға алынуда. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, консилиум құрдық. Консилиум құрамына 10-ға жуық дәрігер кірді”-дейді дәрігер-нефролог Қыстаубаев Мадияр.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл отаның ерекшелігі - науқасқа көп зақым тигізбей, наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем.
Қазіргі таңда пациенттің жағдайы қалыпты.
Айта кетерлік, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері аяғының қан тамыры кесілген 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасады.
21 тамыз күні жедел жәрдем қызметімен науқас бала ауыр жағдайда қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізіліп, оң тізе астынан қан кету, аяқтың тізеден төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған.
Мамандар оң тізе асты артериясы мен венасының толықтай кесілгенін анықтады. Балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург, анестезиолог дәрігерлер жедел ота жасады.
Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.
“Отадан кейін аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналарға балаларына көңіл бөліп, қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырамыз”-дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов.
Шымкенттік дәрігерлер тегін сүндеттеу акциясынан бөлек, “Ізгілікте жарысайық” қайырымдылық қорында тіркеуде тұрған аналарға тегін диагностикалық тексеру өткізіп, дәрігерлік кеңес берді.
Айтып өтейік, қайырымдылық шарасы аясында дәрігерлер 2 күн бойы (17-18 тамыз) 100 бала мен 100 анаға тегін медициналық қызмет көрсететін болады.
Балалар ауруханасы 315 төсек-орынға лайықталған. Мұнда 20 профилді бөлімше болса, оның 8-і хирругиялық бағытта қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар.