29 қазан - Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Осыған орай 22 қазан күні №2 қалалық ауруханасына қарасты емханада дәрігерлер «Ашық есік күнін» өткізіп, денсаулығы сыр беріп жүрген тұрғындарды қабылдады.
Оларға кардиолог, невропатолог, нейрохирург, ЖТД, психолог және кардиоревмотолог бөлімінің дәрігерлері қызмет көрсетіп, кеңес берді.
Нейрохирургке –19, кардиологқа –47, психологқа –18, невропатологқа –48, ЖТД дәрігерлеріне – 23, кардиоревматологқа – 30 тұрғын келіп қаралған. Жалпы шара барысында 106 азаматқа медициналық көмек берілді.
Ақ халаттылар кеңес берумен ғана шектелген жоқ. Тұрғындардың денсаулығын тексеріп, сырқаудың нақты анықтамаларын айтып, ақпарат берді.
Айта кететін Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды.
Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт - қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады.
Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.
Қауіпсіз отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасаған. Ота 2-сағатқа созылды.
№2 қалалық аурухана базасында тың әдіспен жасалған операция кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған.
Қыркүйектің 21 күні ауруханаға бүйректің созылмалы шамасыздығы салдарынан 9 жыл бойы гемодиализ қабылдаған 1986 жылы туған науқас түседі. Сүйек буындары ауырсынған, дене бітімі кішірейген, бойы шөккен. Дәрігерлер пациентті тексеруден өткізіп, оның ағзасынан кальций-фосфор алмасуы бұзылғаны анықталады.
Шұғыл арада консилиум құрылып, пациенттің өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер күрделі ота жасауға шешім қабылдайды.
№2 қалалық аурухана базасында науқасқа қалқанша маңы безі артерияларының эмболизация отасы жасалынып, нәтижесінде науқастың ауырсынуы басылған.
“Операциядан кейін науқастың сүйек буынындағы қанындағы парат-гормон деңгейі 7 күнде 1733 пг/мл-ге дейін төмендеген және одан да төмен түсуі күтілуде. Сондықтан науқас қатаң бақылауға алынып әр аптада қан талдауға алынуда. Бір науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер командасы болып жұмыс істеп, консилиум құрдық. Консилиум құрамына 10-ға жуық дәрігер кірді”-дейді дәрігер-нефролог Қыстаубаев Мадияр.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл отаның ерекшелігі - науқасқа көп зақым тигізбей, наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем.