Тоқаев Түркияға шұғыл көмектесуді тапсырды

Тоқаев Түркияға шұғыл көмектесуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.  

Еске салайық, бүгін, яғни 6 ақпанда таңғы сағат 4.00 шамасында Түркияның Сириямен шекаралас Кахраманмараш провинциясында 7,4 баллдық жер сілкінісі болды. Көп ұзамай Газиантеп провинциясында магнитудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат бойы әртүрлі аймақта, соның ішінде Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатайда сезілді. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары сезінген. Сонымен қатар, Израильде бірқатар жерасты дүмпулері байқалды.

Алапат жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 600-ден асты.

Түркияда апат құрбандарының саны 280 адамнан асқан, 2000-нан астамы жараланған. Ал Сирия билігі кем дегенде 230 адам қаза тауып, 600-ден астам адамның жараланғанын тіркеген.

Түрлі қалада жүздеген ғимарат қирап, Хатай провинциясында газ құбыры жарылды. Елде дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды. Сирияда Алеппо тарихи орталығы қатты зардап шекті.  

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысына Үкіметтік комиссияның Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Аz Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау...

Ресей, Ленинград облысы Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының...