Қаржылық ахуалы онсыз да мүшкіл саналатын үш банктің басшылары биылдың өзінде 342 млн теңге көлемінде сыйақы алған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Тамыздағы жағдай бойынша, елімізде екінші деңгейлі 27 банк жұмыс істеп тұр. Оның 15-де шетелдіктердің үлесі бар. Осы 27 банктің активтерінің жалпы құны 29,1 трлн теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға (25,2 трлн теңге) көп.
Жоғарыда аталған активтердің 85,4% екінші деңгейлі 10 банкке тиесілі.
Порталдың хабарлауынша, 27 банктің 17-сі атқарушы орган мүшелеріне 2019 жылдың сыйақысын биыл берген. Сыйақының жалпы көлемі, топ-менеджерлер мен басшылардың бонусын қоса есептегенде 12,1 млрд теңгені құрапты.
Атқарушы орган мүшелеріне ең көп сыйақыны ForteBank берген – 2,2 млрд теңге. Алғашқы бестікте Халық Банк (2 млрд теңге), Сбербанк (1,9 млрд теңге), Банк Хоум Кредит (1,3 млрд теңг) және Альфа-Банк (839 млн теңге) бар.
Қаржылық ахуалы онсыз да мүшкіл саналатын үш банктің басшылары да өздеріне сыйақыны аямапты. Атап айтқанда, Tengri Bank – 171,3 млн теңге, AsiaCredit Bank – 67,1 млн теңге және Нұрбанк басшылары мен топ-менеджерлері 103,5 млн теңге көлемінде бонус алған. Алғашқы екі банк бүгінде Ұлттық банктің пруденциалды норматив бойынша қойған талаптарын орындамай отырса, соңғысы табысынан гөрі шығыны көп банк болып есептеледі.