Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұртас, Асар-2 шағынаудандарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын тексерді. Қазір 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас елдімекенінде кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 62,6 шақырымды алып жатқан кәріз жүйесінің құрылысы 2024 жылы толық аяқталады. Құрылыс барысын қадағалаған қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына жергілікті әкімдікпен бірлесе абоненттеу жұмыстары бастауды тапсырды.
Асар-2 шағынауданында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінде 15 мыңнан астам халық тұратын елдімекенде 24 шақырымдық газ жүйелері жүргізілген. Шағынауданды табиғи газбен толық қамту сәуір айының соңына дейін аяқталады. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес елдімекен алдағы жылы сапалы электр қуатымен, кәріз жүйесімен толық қамтылады.
Құрылыс жұмыстарын қадағалаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізуде тиісті талаптардың қатаң сақталуын бақылады тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапалы, уақытылы атқарылуын назарда ұстауды ескертті.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және елдімекендерді газдандыру мәселелері қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов аймақтарды газдандыру барысы туралы баяндама жасады. Министр «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыруды ұсынды. Премьер-Министр аталған ұсыныстар бойынша түпкілікті шешімді 1 мамырға дейін қабылдауды тапсырған болатын.
Мегаполистің даму жоспарына сәйкес былтыр елдімекендерді газдандыру мақсатында 18 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қаладағы 81 елдімекеннің 31-і жартылай газбен қамтылған. Сондай-ақ 2 магистралды желі мен 8 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 28 мыңнан астам адамға табиғи газ көзіне қосылуға мүмкіндік берілді. Жоспарға сәйкес 8 нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2025 жылы елді мекендер 100 пайыз газдандырылады.