Қазір «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аймаққа арнайы барып, инженерлік инфрақұрылымымен танысты.
132,9 га алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері жүргізілуде. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға қосалқы станцияны іске қосып, кәсіпорындарды электр энергиясымен қамтуды тездету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ инфрақұрылым жүйелерін биыл 90 пайызға аяқтауды тапсырды.
“Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады” –деді қала әкімі.
Биыл іске қосылатын индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Сондай-ақ қала әкімі «Қайнар бұлақ» шағын ауданының инфрақұрылымымен де танысты. Мұнда қазір елдімекенді табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады.
Шымкент қаласындағы «Бозарық» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Мердігерлер аймақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруда.
Былтырғы жылдың қыркүйегінде басталған құрылыс биылға жылға өтпелі. Мұнда қуаттылығы 16 МВА 2 дана трансформатор, 35 кВ ашық тарату жабдықтары мен 10 кВ жабық тарату жабдықтары, 35 кВ кабель желісі орнатылуда. Жобаға сәйкес ағымдағы жылдың мамырында қуаттылығы 35/10 кВ құрайтын қосалқы станция пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ индустриалдық аймақта газдандыру, ауызсу және кәріз жүйелері қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аймақты сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.