Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Түркия инвесторларымен кездесті. «Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» компаниясының өкілдері қалада қағаз шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда.
Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді.
Шетелдік холдинг бағыты қағаз ыдыстарын өндірумен қатар бірнеше желіні қамтиды. Машина паркінің жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қаптар шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда холдинг өнімдерінің 42%-ы 50-ден астам елге экспортталады.
Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаны іске асыруға «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлу жоспарлануда.
Инвесторлар денсаулық сақтау, құрылыс салалары мен жеңіл өнеркәсіп пен сауда-саттықты дамытуға бағытталған 10 жобаны таныстырды. Басқосуда инвестициялардың орындалу барысы пысықталып, жаңа жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланды.
Қала басшысы жауаптыларға жер телімдерін бөлу, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте бюрократиялық кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайдың жасалуын қадағалауды ескертті.
Бүгінде қалада өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 800-ден астам кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Оның ішінде 700-ге жуығы өңдеу өнеркәсібіне жатады. Бұл салада 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.