Күн жылына салысымен табиғат жанданып, жан-жануарлар мен жәндіктер ояна бастайды. Осы кезеңде улы жәндіктердерден келетін қауіп көп болмақ. Солардың бірі - сарышаян.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жыл басынан бері қалалық ауруханадағы токсикология бөлімшесіне сарышаян шаққан 12 адамның жүгінгенін жеткізді. Сондай-ақ, улы жәндік шаққан бір адамның жағдайы ауырлап, ауруханаға жатқызылған.
«Сарышаяндардың көзі түнде жақсы көретіндіктен, қараңғы мезгілде шағу қаупі басым болады. Сондықтан, күннің ыситын мезгілі енді басталғанын ескерсек, әсіресе ашық далада абай болған жөн. Сондай-ақ, созылмалы ауруы бар адамдардың сарышаян шағып алуынан қайтыс болатын кездері де кездеседі. Сондықтан да, жаз маусымында улы жәндіктің шағуынан сақтаныңыздар» - дейді Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Сарышаян шаққан кездегі клиникалық белгілер:
1. Қатты ауырып, тырыса бастайды. Шаққан жері қызарады;
2. Уланғанда бас айналып, бастың ауруы, құсу, ентігу, әлсіздік, адинамия, жүрек соғуы байқалады;
3. Ауыр жағдайда жүйке жүйесіне әсер еткенде, көзі бұлыңғырланып, аяқ қолы тартылады. Тіпті кейбір кезде жүрек соғысы әлсіреуі де мүмкін.
МҰНДАЙДА НЕ ІСТЕУІҢІЗ ҚАЖЕТ?
- Шаққан жерді спиртпен сүртіп, зиянды микробтар түспес үшін антисептикалық дәке таңу қажет;
- Ауырсыну мен ісінуді жазу үшін мұз басуға болады;
- Ауру басылмаса, шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру қажет;
- Жүкті әйелдер мен созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға, балаларға өз бетінше ем алу қауіпті.
ЕСКЕРЕТІН ЖАЙТ!
- Жгут салуға болмайды. Себебі, қан айналымына кері әсер етіп, гангренозды жағдайға әкелуі мүмкін.
- Жараны күйдіруге болмайды. Себебі, жараның одан ары үлкеюіне әкеледі.
- Алкоголь қабылдауға тиым салынады, себебі ол зат алмасуды жылдамдатып одан сайын удың тарауына әсер етеді.