Бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбында жыршы-термешілердің қатысуымен шығармашылық кездесу өтті.
Бұндай шығармашылық кездесулердің мақсаты – атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді алқалы әлеуметке боямасыз ұсыну және дәстүрлі өнерді жастар арасында кеңінен дәріптеу.
Іс-шараға ҚР мәдениет үздігі, республикалық конкурс лауреаты, Шымкент саз колледжі ән салу бөлім меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші - Жақып Сынабайұлы, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші - Құнанбай Егенбердіұлы, саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші - Ербол Байзақұлы мен қала жастары қатысты.
Кездесуде болған термешілер алдымен терменің шығу тарихын баяндап, халық арасында кеңінен танылып жүрген термелерден сыр шертті.
-Терме – ата-бабамыздан бізге аманат болып жеткен, дәстүрлі өнер түрі. Халықтың мұң-мұқтажы, іште бүккен сырларын баяндайтын сондай бір керемет лирикалық өнер. Термені ары қарай халық арасында дәріптеу біз бен сізге аманат, - деді термеші Жақып Сынабайұлы.
Айта кетейік, орталығымыздың ұйымдастыруымен бұндай шығармашылық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жалпы терме-қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі. нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында жедел қарқынмен дами басталы. Терме пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамды-әлеуметтік сарындар басым болса. Термеде көбіне күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты жәйттер сөз болады.Терме сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен. Ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, аспаптық (домбыра) сүйемелдің де үлкен мәні бар. Терме сөзді айқын, анық жеткізуге лайық қысқа қайырылатын, жеңіл желдірмелі әуенмен (регитатив) айтылады. Терме, термелеп айту дегеннің өзі жырды - өлеңді жеңіл әуенмен айту, орындау тәсілін де көрсетеді. Осы кеңірек мағынасында термелеп айтқан жыр, өлең (дастан да) термешілік өнер қатарында қаралады. Терме - қазақпен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылығында да тарихи орны бар жанрлық қазақстанның батыс аймағы мен Сыр бойында терме дәстүрі әсіресе мол дамыған. Халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме айтыс өнері қайтадан жаңғырып, жандана түсті. Термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндік туғызып отыр.