Мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын белгіленген орны жоқ, рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, мұндай сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.
Сондай-ақ, Наурыз мерекесі кафе, мейрамхана және тойханаларда да тойланады, сонымен қатар Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен, 21-22 наурыз аралығында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының еліміздің гастрономиялық туризм орталығы ретінде имиджін қалыптастыру мақсатында Әл-Фараби алаңында «ДӘМДӘСTOUR-2» атты гастрономиялық жәрмеңкесі өткелі жатыр. Осыған орай, кәсіпкерлерді, мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында, санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз!
Әсіресе, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс.
Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет.
Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, мереке күндері үй тағамдарынан да улану қаупі бар.
«Наурыз» мерекесіне орай, алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы болып табылады.
Мереке күндері дастарханға үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдер қойылады. Егер көкөністер, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жабылмай, консервілеу ережесі бұзылып дайындалған болса, ол өліммен аяқталатын қауіпті тамақтан улануды тудыруы мүмкін. Солардың бірі – ботулизм. Барлық ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Улануды болдырмау үшін, қолданар алдында 10-15 минут қайнатып жіберу қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды.