«Түгел жазалаймыз»: Бурабайда шенеуніктер мен кәсіпкерлер карантин талаптарын бұзып, жаңа мектептің ашылуына қатысқан

«Түгел жазалаймыз»: Бурабайда шенеуніктер мен кәсіпкерлер карантин талаптарын бұзып, жаңа мектептің ашылуына қатысқан

Демалыс күндері Бурабай курорт аймағында IQanat High School of Burabay пансионат орта мектебінің ашылуы өтті. Білім ордасы жеке инвестордың қаражатына салынған. Инвестицияны BI Group құрылыс холдингі құйған. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.

Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және республикалық, облыстық деңгейдегі өзге де шенділер мен кәсіпкерлер қатысқан. Олар жиын барысында карантин талаптарын бұзған, яғни арақашықтықты сақтамай, бетперде кимей, фотосессия жасаған. Аталған фотосуреттер әлеуметтік желілерде тарап кетті.

Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі қызметтер мен тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылау жөніндегі комитеттің ресми өкілі Ержан Байтана БАҚ өкілдеріне мынандай мәлімет таратты.

«Қызметтер мен тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі комитет келесіні хабарлайды: Ақмолы облысы бойынша қызметтер мен тауарлардың қауіпсіздігін бақылау жөніндегі департамент аймақтық Полиция департаментімен бірге санитарлық талаптарды бұзғаны үшін IQanat High School of Burabay орта мектебіне қатысты жоспардан тыс тексеру бастады.

Тексеру аяқталған соң, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігері мен Ақмола облысының санитар дәрігері шығарған қаулының талабын бұзған заңды және жеке тұлғаларға қатысты Әкімшілік кодекстің 425-тармағы бірінші бөліміне қатысты әкімшілік шара қолданылады.

Баса айта кетерлігі, адамдар көп жиналған бұл шараны өткізу үшін Бурабайдың қызметтер мен тауарлардың сапасын бақылау жөніндегі департаментінен рұхсат алынбаған».

Қазақстанның Бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова да бұл фактіден хабардар болғанын айтып отыр. «Аталған дерек бойынша заңды және жеке тұлғаларға әкімшілік жаза қолданамыз. Біз заңды және жеке тұлғаларды бөліп-жармай, шектемей, шара қолданамыз. Мектептің ашылуына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те қатысқанын білемін», - деді ол.

Айта кетейік, 10 қыркүйек күні брифинг өткізген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қазақстандағы оқушыларды мектепте оқытуға әлі ерте, эпидемиологиялық жағдай ушығып кетеді» деген мәлімдеме жасаған еді.

Дәлірек айтсақ, Алесей Цой 12 жастан асқан балалар үшін коронавирус инфекциясы жұғып, олар вирус таратушы болатынын айтқан. Аймағамбетов болса, бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылғанын, жоғары сынып оқушылары түгелдей қашықтан оқуы керек екенін айтқан болатын.

Ал IQanat High School of Burabay мектебінде Қазақстанның түпкір-түпкірінен, яғни, ауыл-ауылдан арнайы олимпиададан өтіп, білімін дәлелдеген 10-11 сынып оқушылары білім алады. Әлеуметтік желідегі журналистердің блогына жауап берген Айдын Рақымбаев балалар мен үлкендер суретке түсер кезде ғана маскасын шешкенін жазды. Сонымен қатар, мектеп өкілі «бұл балалар үйден келіп-кетіп оқымайтынын, интернатта жатып, қашықтан емес, мектеп ішінде білім алатынын» жазды.

Енді шараны ұйымдастырған BI Group компаниясына 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Өйткені, карантин талаптарын бұзған ірі бизнес нысанына салынатын айыппұл көлемі 1600 АЕК (4 444 800 теңге) болып бекітілген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің клуарында мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистердің сұрағына...