Бүгін аудан әкімі Арман Айдарұлы аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді. Есеп барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып, 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы баяндама жасады.
Жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудан басшысы өткен жылы барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, кейбір көрсеткіштер бойынша облыста көш ілгері тұрғанын жеткізді. Баяндама барысында әр саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, елді мекендерде атқарылған жұмыстарды атап көрсетті.
Кеңес мүшелері тарапынан жиын барысында қоқыс тазалау, көпқабатты тұрғын үйлерге пандус орнату, электр жарығымен қамтамасыз ету, олимпиадалық мамандандырылған спорт мектебін ашу, шипажайлардың су қоры, жайылым жер мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, аудан әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Сонымен қатар, жиында аудандық мәслихат төрағасы С.Тасқұлов атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Ибрагимова, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімшесінің басшысы Е.Тастемиров, аудандық мәслихаттың бас маман заңгері Ж.Турсынбай шешім жобасы мен қаулы жобаларын талқылау мәселелері бойынша хабарлама жасады.
Баяндамашыларға кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, сала басшылары тарапынан аталған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптар берілді.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің алдағы қызметі берекелі болуына тілек білдірді.