Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Жаңа Иқан ауыл округінің тұрғындарымен кездесуін осындай ақжолтай жаңалықпен бастады. Осы жылдың наурыз айында 13 көшеге көгілдір отын кіргізілді. Тағы 27 көшенің тұрғындары көмір тасып, күл шығарудың мехнатынан арылмақ. Көптен күткен жасы мен жасамысы үшін қуаныш. Ауылдарды газбен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Жыл басында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Жаңа Иқан тұрғындарымен кездесуінде 13 мәселе көтерілген. Оның 3-уі нақты шешімін тапқан. 1-іне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қалған 9 мәселесе орындалу үстінде.
-Сіздер көтерген мәселе бүгін, я болмаса кеше пайда болған жоқ. Жылдар бойы, тіпті кеңестік дәуірден бері күрмеуі шешілмей келе жатыр. Біз барынша бөлінген қаржыны үнемдеп кезек күттірмейтін мәселені алдымен жасаймыз. Ауыз су, жол, жарық, газ мәселесі аудан үшін басты мәселе. Бағаналар мен жолдар ескірген, ұңғымалардың тозығы жеткен. Сіздердің талаптарыңыз орынды. Бірақ, бұл мәселелер бір күнде я болмаса бір айда шешілмейді. Талап пен заң солай. Алдымен ұсыныс енгізіліп, содан соң барып бюджеттік жоспарға қойылады. Оның барлығы уақыттың еншісінде. Кейде бір мәселені шешу үшін жылдар кетеді. Біз жоспар жасап, сіздердің талаптарыңызды кезең-кезеңімен орындауды қолға алып жатырмыз, - деді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.
Шаруаларға қазып алған құдықтарын субсидия алуға шешімін тауып берсеңіз, сонда ауылдың ағын суы мен дихандар екі өнім алуына мүмкіндік туар еді деген тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» және «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жоба паспорты бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған. Су алуға және беруге арналған инфрақұрылым мыналарды қамтиды: су жинау құрылысы, сорғы станциясы (электрлі, дизельді немесе бензинді), ұңғыма, магистральдық құбыр немесе арна, таратушы желілер, электр беру желісі, трансформаторлық қосалқы станция салынған немесе қазылған жағдайда, шеккен шығыстың бір бөлігіне 50% субсидия алуға мүмкіндігі бар екендігіндігі түсіндірілді.
Аудан басшысы мұнан өзге тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Ал ауыл тұрғындары аудан әкімінің І-жарты жылдықта атқарған жұмыстарына оң бағасы мен батасын берді.