ОТЫРАР: ЖАСЫЛ АЙМАҚТАР САЯЛЫ САЯБАҚТАРҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

ОТЫРАР: ЖАСЫЛ АЙМАҚТАР САЯЛЫ САЯБАҚТАРҒА АЙНАЛУЫ ТИІС

Аудан әкімі Сұлтанханов Сәкен Асылханұлының халықпен кездесуі түс ауа Көксарай, Аққұм ауыл округтерінде жалғасын тапты.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уалихан Жамалханұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай, бөлім мен мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен Көксарай ауылындағы көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстармен танысқан аудан басшысы жергілікті кәсіпкерлердің ауыл халқының жағдайын жақсартудағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Ауыл әкімінің айтуынша кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен орталық көшенің бойы қоршалып, 3 мыңға жуық көшет егілген. Мұнан бөлек Көксарай және Сулы каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқы ағын сумен қамтылған.
Бұған дейінгі кездесуде тұрғындар ауылдағы жастар инспекторы жергілікті жерде тұратын азаматтар болса деген ұсынысын айтқан болатын. Аталған мәселе бойынша сала басшыларына тапсырмалар жүктеліп, тұрғынның өтініші қанағаттандырылған. Қазіргі таңда ауылдағы жастар инспекторы болып жергілікті ауыл азаматы Азамат Кеңесбек жұмыс істеуде.
Елді мекендегі ауыл су мәселесі де біршама шешімін тауып, тұрғындардың төлем жасау мәселесі де бір жолға қойылып келеді. «Енді үйде отырып-ақ телефон қосымшасы арқылы төлем жасауға болады» -дейді ауыл округінің әкімі Әлімжан Қалмұрат.
Ашық аспан астындағы еркін форматта өткен кездесуде ауыл тұрғыны Махатай Пердебеков Шеңгелді елді мекеніне тартылған Беларық және Көларық каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, сусорғыш насостар жаңартылса деген ұсынысын айтса, зейнеткер Сәуірхан Қайымов ұзақ жылдар елге қызмет етіп ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Амантұр Мұсаевтың атына көше беру туралы, Бейсенбай Ибраев пен Мейрамбай Шекербеков жайылымдық жер мәселелері бойынша сауалдарын жолдады. Аталған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, жан-жақты зерделеп заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Қайрат Баймырзаев пен Жолдасбек Досаев, Қалықұл Сеңгірбектовтер ауыл округіне қарасты Ызакөл, Жанкел елді мекендеріндегі ауыз су мәселесі мен газдандыру жұмыстары туралы көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Аудан басшысы айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, ауыз су мәселесі ағымдағы жылы шешімін табатынын, ал газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес келер жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталатынын жеткізді.
Кездесуден соң аудан әкімі М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде болып, Ұлы Отан Соғысының ардагері, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім Төрехан Кәрібайұлы атындағы ашық аспан астындағы математика алаңын аралап көрді.
Мұнан соң Аққұм ауыл округіндегі көгалдандыру жұмыстарымен танысып, елді мекендегі жасыл аймаққа егілген көшеттерді күтіп-қарау жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертті. Көшеттер егілген жасыл аймақты келешекте халық келіп демалатын саялы саябаққа айналдыру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Жалпы Аққұм ауылындағы жасыл желекке 2450 көшет егіліп, бүгінде 80 пайыздан астамы өнген.
Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша салынған ауылдық заманауи мәдениет үйінің алдында ашық аспан астында әкіммен кездескен ауыл халқы игерілмеген жерлерді қайтару, көшелерге тас төсеу, спорт алаңшаларын салу және өзге де мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жауапты сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды.
Алдағы жылдары ауыл округінде атқарылатын газдандыру жұмыстары туралы да баяндалып, жеке қабылдауда тұрғындардың өтініштері тыңдалды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ