«ШЫМКЕНТ» КЛУБЫНЫҢ АРУЛАРЫ – ЕЛ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

«ШЫМКЕНТ» КЛУБЫНЫҢ АРУЛАРЫ – ЕЛ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ

Футболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының ойындары мәреге жетті. 20-26 сәуір күндері Шымкент қаласындағы “БИІК” футбол орталығында ұйымдастырылған доп додасында “БИІК-Шымкент” клубы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Бұл ретте, шымкенттік арулар ел кубогы жолындағы жарыстарда қатарынан 14 рет жеңімпаз атанды.
Айналмалы жүйе бойынша өткен жарысты қорытындылаған кездесуде “БИІК-Шымкент” командасы, Ақмола облысының “Оқжетпес” клубының аруларымен алаңға шығып, 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жалпы, төрт кездесудің үшеуінде қарсыластарынан басым болған Түркістан облысының “Томирис- Тұран” командасы жарысты 2- орынмен аяқтады.
“БИІК-Шымкент” клубының бас жаттықтырушысы Александр Семеновтың айтуынша, кубоктық бәсекенің кездесулерінің барысы алдағы кезде өтетін ел чемпионатында және 2023-2024 жылғы УЕФА чемпиондары лигасының ойындарында күш сынайтын команда құрамын анықтауға, олардың дайындығын жан-жақты пысықтауға мүмкіндік берді. Кубоктық жарыстардың кездесулерінде команда құрамындағы жастардың ашылып ойнауына жағдай жасалды. Барлық жергілікті жанкүйерлерді жеңістерімен құттықтаймыз.
Бұған дейін «БИІК-Қазығұрт» болған шымкенттік клуб 2021 жылдан бастап атауын «БИІК-Шымкент» деп өзгертті. Он жыл жаттықтырған бапкерін де ауыстырды. Бірқатар көшбасшы ойыншысы да командадан кетті. Бірақ бұл өзгерістер команданың жылдағыдай үздік нәтиже көрсетуіне кедергі келтіре қоймады. Мұны команданың Қазақстан біріншілігі мен Қазақстан кубогы аясындағы ойындарда көрсеткен үздік көрсеткішінен білуге болады. Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының баспасөз хатшысы Сейіл Қожатай Қазақстан кубогында қос клуб арасында ірі есеп тіркелетінін матч басталмай тұрып күткенін айтады. – Негізі, әйелдер футболында ірі есеп жиі тіркеледі. Оған жанкүйерлердің де көзі әбден үйренген. Бірақ бәрібір ерлер футболымен салыстырғанда әйелдер футболында тіркелетін есептер бізге нонсенс болып көрінеді. Түптеп келгенде мұны таңғаларлық есеп деуге келмейді. Себебі «БИІК-Шымкент» – Қазақстандағы ең үздік клуб. Футболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының әр маусымын жеңіп жүрген команда. Елімізде оларға тең келер ешкім жоқ. «БИІК»-тің Еуропа клубтары арасында да өзіндік орны бар. Жыл сайын Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сондықтан олардың 22 гол соққанына таңырқаудың еш қажеті жоқ. Оның үстіне, екі команданың деңгейі екі бөлек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ