«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай салтанатты шара өтті. Алқалы жиынға партия филиал Төрағасы мен Азаматтық қоғам және мәдениетті даму жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесі мүшелері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында Бахадыр Нарымбетов сөз бастап, партияластарды мерекемен құттықтады. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды өз жерім деп біліп, қазақ халқын туғанындай көреді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында атап өткендей, Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек». Біз партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыра отырып, мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді салып келеміз», - деді Бахадыр Нарымбетов.
Отырыста Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту жайы әңгімеге арқау болды. Шымкент қалалық "Ахыска" түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, Шымкент қалалық мәслихат депутаты, партия белсендісі, «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Балтабаев, Шымкент қаласы Корей этномәдени орталығының төрайымы Роза Пак, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшесі Икрам Хашимжанов алдағы міндеттерді және осы саладағы өзекті мәселелер туралы сөз сөйледі.
Сондай ақ, этно-мәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері және азаматтық қоғам өкілдері партия қатарына қабылданып, жаңа мүшелерге партиялық билеттер табысталды.