ШЫМКЕНТ: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ТУРАЛЫ САБАҚ ӨТТІ

ШЫМКЕНТ: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ТУРАЛЫ САБАҚ ӨТТІ

Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Осы ретте Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өткір тұр. Бұл ашық айтыла бермейтін, табу тақырыбындағы мәселе десек те болады. Алайда аурудың емі оның бар екенін мойындаудан басталатынын ескерсек, бұл мәселені де ашық айтып, талқыға салудың маңызды екенін түсінеміз. Ресми дерек бойынша елімізде жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұматын әйелдер саны жыл сайын орта есеппен 400 адамнан асады.
Басқосу барысында полиция аға лейтенанты Жаңыл Спанова студенттерге «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.
Кездесу барысында брошюралар таратылып, зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда не істеу керектілігі түсіндірілді.
Егер де Сіз, отбасындағы зорлық-зомбылық құрбаны немесе куәгері болсаңыз, міндетті түрде полиция органдарының «102» арнасына немесе «105» ақысыз сенім телефондарына хабарласыңыз. Сізге міндетті түрде көмек көрсетіледі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ